Кезекті басқосуда үш түрлі жоба талқыға түсті. Олардың бірі — «Исткомтранс» ЖШС. Бұл серіктестік вагондарды жалға беріп, жүктер тасымалдауды ұйымдастырумен айналысады. Мультимодальды және контейнерлік тасымалдау жұмысын жүзеге асырып, кәсіпорындардың ішкі логистикалық жүйесін басқарады.
Аталған серіктестіктің бас директоры Алмас Абайдельдиновтың айтуынша, бұл компания Алматы қаласы маңында орналасқан Іле ауданына қарасты Жетіген стансасы аумағында «құрғақ порттың» жұмыс тәртібі бойынша көліктік-логистикалық орталық салуды жоспарлап отыр. Жобаның алғашқы кезеңі 2023 жылы басталып, аяқталуы 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Ал «OTAU City+» компания тобы – халықаралық бизнес-әріптестік қауымдастығының мүшесі және Қазақстандағы «Дон Строй технологиясы» компаниясының серіктес өкілі. Компания Cotazink және жеңіл монолит технологиялары бойынша инновациялық жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкцияларды пайдалана отырып, Қазақстанда жылдам салынатын денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарының құрылысын ұсынады.
Жоба ұйымдастырушысы Қуаныш Байдәулетұлы компания мақсаты «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «жайлы мектеп» сияқты ұлттық жобалардың негізгі бағыты бойынша нысандарды қамтып, «5 әлеуметтік бастама» шеңберінде студенттік жатақханалар салу екенін айтты.
«Қолжетімді спорт» бағдарламасы шеңберінде спорттық бұқаралық құрылыстарды жүргізіп, «күшті өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде моноқалалардың тұрғын үйлері мен инфрақұрылым нысандар саламыз», — деді Қуаныш Байдәулетұлы.
«IML Overseas warehouse (Kazakhstan) CO. LTD» компаниясының негізін қалаушы Қойшы Елмұрат болса қойма логистикалық кешен құрылысының жобасын таныстырды.
«Алматы облысы біз ұсынған жобаны жүзеге асыруға тиімді аймақ және бірлескен проект негізінде халық жұмыспен қамтылады. Ол үшін мемлекеттік қолдау қажет, яғни дәл қазір бізге керегі — жер мәселесінің шешілуі», — деді серіктестік басшысы.
Өз кезегінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаны іске асыруға Ақсеңгір стансасын ұсынып, қажетті жағдай жасауға көмек көрсетілетінін назарға алып, салаға жауапты қызметкерлерге тапсырма берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram