Телеграм каналдардың бірінде Жетісу облысында ірі қара мен ұсақ малдың қалың қар астында қалғаны және жолдың қардан уақытылы тазаланбағаны туралы ақпарат жарияланған.
Осыған байланысты өңірлік әкімдік түсінік берді.
«Бұл жарияланым — монтаждалған бейнежазба. Оның Жетісу облысына еш қатысы жоқ. Кербұлақ ауданына қарасты екі ауылдық округте Аралтөбе деп аталатын 2 елді мекен бар. Бұл видео Аралтөбе деп аталатын қос ауылда да түсірілмеген. Видеоның алғашқы бөлігі (қарға көміліп қалған түйе мен қойдың және аязда қалған малшының видеосы) Қытайдың Шыңжаң аймағында болған деген ақпарат бірер күн бұрын ғаламторда тарады. Яғни, бұның да Жетісу облысына еш қатысы жоқ. Ал бейнежазба соңында автор «Зайсан, Марқакөл» деп атап өткен жол бөлігі де Жетісу облысына қарамайтындығы белгілі. Аралтөбе ауылдарында тұрғындардың үй жануарлары қорасында, қауіпсіз жерде тұр», — делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл жөнінде тұрғындар тарапынан қандай да бір шағым түспеген.
Сол себепті әкімдік халықтан жалған ақпаратқа сенбеуді, таратпауды және ақпараттың шынайлығына көз жеткізуді сұрайды.