Тыныш жатқан Ақбастау ауылын дүр сілкінткен қайғылы оқиға 19 қарашада болған. 47 жастағы ер адам әйелін 12 жастағы баласы мен көрші балалардың көзінше атып тастаған. Оқиға болған сәтте әйел анасының үйінде болған. Кеуде тұсынан тиген оқтан әйел оқиға орнында жан тапсырған. Аңшы мылтығында оқталған екінші оқты ер адам өзіне көздегенмен, оқ басының тұсын жанап өтіп, тек шашын ғана күйдірген.
«Төбемізден жәй түсірді. Дәл мұндай болады дегенге сенбейміз. Өйткені ерлі-зайыптылар өте жақсы тұрған. Тәрбиелі отбасы. Ер адам ауылда тракторшы. Елдің бәріне көмектеседі. Ешкімді ренжіткенін көрген емеспіз. Тіпті ол төбелесе де алмайтын адам. Сол күні біраз қызу болды деп естідік. Ал салынып ішіп, елдің мазасын алғанын естіген емеспіз», — дейді Ақбұлақ ауылының тұрғындары.
Марқұм әйел ауыл балабақшасының меңгерушісі болып қызмет еткен. Үш баласының үлкені 25 те, кішісі 12 жаста.
«Әйелі 44 жаста. Өте шаруаға пысық адам. Мүмкін отбасында кикілжің болып тұрған шығар, бірақ естіген емеспіз. Күйеуі де сондай тамаша, алтын адам еді. Мүмкін қорқытайын деді ме, кім білсін. Бірақ ер адам ондайды істеуі мүмкін дегенге иланғымыз келмейді», — дейді ақбастаулықтар.
Бірнеше ұлттан құралған ауылдың, қаймағы бүтін, түтіні түзу. Қару алып, атысып көрмеген. Ерлі-зайыптылар да осы ауылда туып өскен. Ұлты ұрсысып көрмеген ауылда отбасы қару алысты деген ат Ақбастау ауылының тұрғындарының намысына тиіп, жанына батып тұр. Кісі баласына тік қарамаған ер адамның қолына қару алу себебі әзірге белгісіз. Полиция тергеуді бастады.
«ПБ тергеушілері жеке жек көрушілік қарым-қатынас негізінде адамды қасақана өлтірген 47 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады. Сол күні күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыс құралы — күдіктіге тиесілі аңшылық атыс қаруы тәркіленді. Қылмыстық істі тергеу барысы мен нәтижелері облыстық ПД-ның бақылауында», — деп хабарлайды Polisia.kz.