Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, жыл басынан бері алаяқтар Қазақстан азаматтарын 15 миллиард теңгеге алдап кеткен.
«Әсіресе, банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары атынан қоңырау шалатын алаяқтардың әрекеті үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Олар нөмірді ауыстыратын арнайы бағдарламаны қолданады. Сонда өзінің ұялы телефон нөмірі көрінбейді. Ондайда алаяқтар есепшоттағы күдікті операциялар немесе біреудің кредит рәсімдеуге тырысып жатқанын айтады. Сосын арнайы операцияның басталғанына сендіріп, есепшоттағы немесе депозиттегі ақшасын «қауіпсіз сақтандыру есепшотына» аударуға көндіреді. Дәл сол шоттан ақша ұрланады», — деді Рүстем Дүйсетаев.
Осылайша, кейбір адамдар көлігін, тіпті пәтерін сатып, барлық ақшасын «қауіпсіз есепшотына» салып қойған.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 17,5 мың қылмыс тіркелді. Соның басым бөлігі – онлайн сауда арқылы адамды алдау әрекеттері. Тауарға қызыққан клиенттен алдын ала төлем жіберуді сұрайды. Бірақ артынан тауар да, оны жеткізетін адам да ізім-қайым жоғалады. Екінші орында банктер мен микроқаржы ұйымдарында заңсыз кредит рәсімдеу тұр. Алаяқтар көп жағдайда сан алуан ивестициялық жобалардан қыруар табыс табуға үндейді. Сосын барлық ақшаны үптеп кетеді. Сондай-ақ алаяқтар фишингтік сілтемені жіберіп, белгілі бір бағдарламаны жүктеуді сұрайды. Ол арқылы адамның онлайн банкингіне қосылады.
Айта кетері, Қылмыстық кодекс бойынша осы санаттағы қылмыстар үшін 4 000 АЕК (12 720 000 теңге) көлеміндегі айыппұлдан бастап төрт жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Ал адамдар тобымен және ірі мөлшерде жасалған әрекет үшін кінәлі адам 5-10 жылға бас бостандығынан айырылады. Мүлкі тәркіленеді.