«Кешегі Ыстанбұлдағы суық хабарды естіп, біздің сол қаладағы Бас консулдығы жергілікті билікпен байланысқа шықты. Әрине, ақпаратты анықтау біраз уақыт алды. Қазіргі таңда жарылыстан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екені анықталды. Түнімен біздің дипломаттар жақын маңдағы барлық ауруханаларды зерттеп шықты. Бақытымызға орай, біздің азаматтарымыз зардап шеккендер тізімінде жоқ. Алайда, әлі де тергеу жүріп жатыр. Тергеуге байланысты Түркия тарапы өзге ақпарат ұсынбайды», — деді Айбек Смадияров.
Еске салайық, кеше Ыстанбұл орталығындағы жаяу жүргіншілер көшесінде жарылыс болған еді. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 53 адам жараланды.
Ал Түркияның БАҚ-ы Стамбулда «теракт жасады» деген күдікпен ұсталған әйелдің видеосын жариялады. Trthaber басылымының жазуынша, «жарылысқа барлығы 21 адамның қатысы болуы мүмкін» деген күдік бар.
Түркияның Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу «бомба қойған адам қамауға алынғанын» айтты.