Марат Сұлтанғазиев қаланың жаңа әкімшілік-қоғамдық орталығын салу үшін алаңдарды орналастырудың үш нұсқасы пысықталғанын, оның ең оңтайлы нұсқасы «Жаңа Іле» деп айқындалғанын атап өтті. Алаң өзеннің оң жағалауында, Қонаев қаласының қазіргі орталығынан 10 километр қашықтықта және «Алматы-Талдықорған-Өскемен» магистральдық автожолының оңтүстік жағында орналасқан.
Автомагистральдің оңтүстік жағында бүгінде жұмыс істеп тұрған демалыс аймақтары, солтүстік-шығыс және шығыс жағында жаңа облыс орталығын дамыту үшін шамамен ауданы 10 500 гектар бос резервтік аумақ орын алған.
Жаңа бас жоспардың бекітілуімен мұнда түрлі қабаттардағы заманауи тұрғын және әкімшілік ғимараттар, мектептер мен ауруханалар, сауда-ойын-сауық кешендері, сондай-ақ басқа да объектілер салынады деп жоспарланған.
«Жаңа Іле» алаңын жұмыс істеп тұрған қаламен байланыстыру үшін теміржол көпіріне параллель автожол көпірі, сондай-ақ теміржол арқылы өтетін көпір өткелі салынады.
Әкім қаланың ескі бөлігі де дамитынын айтты. Атап айтқанда, қала жаңа мәртебеге толық сәйкес болуы үшін көшелерді, аулаларды абаттандыру мәселелерін шешу, тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың сыртқы келбетін сәйкестендіреді. «Алдағы уақытта Конаев қаласы еліміздің ең әдемі және тартымды қалаларының біріне айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті аймақ басшысы.