Бүгін ол Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне барып, студенттермен кездесті. Жиында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы толық түсіндірілді.
Айта кету керек, бұл білім ордасынан осы күнге дейін 80 мың педагог түлеп ұшқан. Ал қазір 4 мың 200 студент грантта оқиды.
«Бүгін мен дауыс беруге құқығы бар студенттермен кездесуге келдім. Жалпы сайлау туралы, сайлау науқанындағы өзімнің бағдарламам туралы айтып бердім. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық институтында 8 мың студент бар. Барлығы қыздар. Университет 44 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүкіл Орталық Азияда бұл тек қыздар оқитын жалғыз университет», деді президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.