7000-нан астам тұрғыны бар Көкөзек ауылында қордаланған мәселе көп. Он жылдан бері ауылдың мәселесі шешілмей келеді.
«Мереке күндері екі күн электр жарығынсыз қалдық. Жарық жоқ, жылу жоқ, дала суық. Мен бұл ауылда 11 жыл тұрамын. 11 жыл бойы осы проблема. Электриктер келіп «бір трансформаторға 1000-нан астам үй қосылған. Трансформатордың күші жетпейді. Қыстан биыл шыға алмайсыңдар» деп өз ауыздарымен айтып кетті», — дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Ләззат Өскенбаева.
«Біріншіден, ауыл әкімін орнынан таба алмаймыз. Екіншіден, қаланың түбінде тұрып қалаға жете алмаймыз. Таксиге телміріп, жол бойында таңғы алтыдан тұрамыз. Үшіншіден, орталық көшеде ғана жарық бар. Қалған көшелерде жарық жоқ. Ит деген өріп жүр. Төртіншіден, жол мәселесі. Жолдар жасалмаған. Ал жасалған санаулы көшелерде тратуарлар жоқ. Балалар аяғын былғаймыз деп тура асфальттың үстімен жүреді. Ал машина ағылып жатыр», — дейді ауыл тұрғыны Қарашаш Аханова.
Ауыл тұрғындары асфальт жолдарды да, трансформаторды да, тіпті электр жарығы мен цемент бағаналарды да өз қаражаттарына орнатқан.
«2013 жылдан бері тұрамын. Сол кезден бері әкімдік келіп, жол, жарық, су дегенді жасап көрген емес. Электр бағаналарын өзіміз сатып алып, орнаттық. Әкімдік келіп жөндеп, ең болмаса тексерген емес. Қазір екі электр бағанасы екі жаққа қисайып жатыр. Электр сымдары газ құбырларының үстінде жатыр. Биыл қыстан шыға ма, шықпай ма Құдай біледі. Электр жарығынан тұйықталу болса газ құбырлары жарылады», — дейді Нұрлыбек Ожиков.
«Біздің учаскелеріміз 5 жылға жалға берілген. Одан бері қанша жыл өтті. Ауылымызда не көшенің аты жоқ, не үйдің нөмірі жоқ. Жедел жәрдем шақырсақ алыстағы трассадан барып күтіп аламыз. Құжатымызды арқалап қанша шабылдық. Ешкім жауап бермейді», — дейді Ізбасар Мұқамбеков.
Халықтың ереуілін естіп, жедел жеткен әкімге тұрғындардың айтар базынасы көп болды. Әкім «барлық мәселе біртіндеп шешіліп жатыр» дегенді айтады.
«Мен де осы Береке ауылында тұрамын. Мен де жарықсыз отырамын. Көкөзек подстанциясы осы желтоқсанда салынады. Сол кезде жарық мәселесі түбегейлі шешіледі. Жарықтың әлсіз болып, қайта-қайта өшіп жатқаны — осы маңдағы ірі кәсіпорындар мен ауылдар бір подстанциядан жарық алып отыр. Жаңа подстанция салынғанда электр жарығының мәселесі шешіледі», — дейді Көкөзек ауылының әкімі Біржан Манапұлы.
Әкімнің айтуынша, ауылдағы сыймай жатқан оқушы мәселесі жолдарды жасағаннан кейін шешіледі. Қазіргі таңда 2500-ден астам оқушы 700 орындық мектепте білім алып жатыр.
«Мектеп мәселесі шешілді. Жекеменшіктің жерін 25 млн-ға сатып алдық. Ол жерде 1200 оқушыға арналған мектеп салынады. Қасынан емхана тұрғызылады. Емхананың сыйымдылығы да үлкен болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Бұған дейін жер болмаған. Ал бұл нысандардың қашан тұрғызылатыны облыстық білім және денсаулық салалары жауапты», — дейді әкім.
Тұрғындар әкімнен «Көкөзек ауылының өркендету жоспарын» талап етті. Алайда әкім жоспардың жасалып жатқанын айтты. Жергілікті биліктің айтуынша, барлық мәселе шешіледі. Халықтың осы мәселерге қатысты наразылығына полиция мамандары тайлы-тұяғы қалмай келді.
«Жалпы, екі рет тоналды үйім. Бір жас полиция келді. Әр нәрсені бір түртіп жазып алды. Шалқайып отырып алып, өзінің туыстарымен қарқ-қарқ күліп, әңгімелесіп отырды. Мен жатын бөлмеде қан қысымым көтеріліп ауырып жатырмын. Бұл полиция ешнәрсе шешпеді. Төрімде отырып алып, ішегі қатып күліп, өзімен өзі мәз болды. Мен оны үйден қуып шықтым. Ол оқиға болғалы 3-4 жыл болды. Сол күйі ашылған жоқ», — дейді Сәуле есімді тұрғын.
«Полицияны өмірі таппайсың. Есігінде 18:30-дан істейді деп жазылып тұрады. Сосын шағымданғың да келмейді. Ешбір ұрлықтың беті ашылған емес, осыған дейін», — дейді Қарашаш Аханова.
Ұрылардың құрықсыз кеткені соншалық, тіпті қорадағы малды шарбақтан лақтырып-ақ ұрлай беретін көрінеді. Халықтың наразылығына тап болған полиция мамандары ұялы телефондарының нөмірлерін таратумен болды. Ал сағат 18:30-дан ғана жұмыс орында болу себептерін полиция мамандары ауданда өтетін жиналыстарда жүреміз деп түсіндірді.
«Халық саны жылдан жылға артып барады. Ауылда 7000-нан астам тұрғын бар. Көкөзекте екі-ақ полиция бармыз, қай жағына жетеміз? Ал жалпы арыз-шағым түссе күдіктілерді іздестіреміз», — дейді Көкөзек ауылының учаскелік полициясы, аға лейтенант Қайрат Омарғалиұлы.
Көкөзек ауылының халқы биліктің берген уәдесіне сенбейтіндерін айтады. Өйткені, он жылда шешілмеген мәселе, он айда шешілмейді, дейді олар. Ауыл тұрғындары енді жиналып Қарасай ауданы әкіміне бармақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram