Қазақстанда соңғы 10 жылда жүргізілген зерттеулер мектепте балалардың 14%-дан 65%-ға дейінгісі буллингке ұшырайтынын көрсеткен. Сондықтан коммерциялық емес ұйымдар ата-аналар қауымдастығының сұранысын ескере отырып, осы мәселемен жұмыс істеу үшін жобалар ұйымдастырған. Аталған ұйым мүшелері соңғы бір жылда республика көлемінде 5000-нан астам тренинг өткізген. Алайда еш нәтиже бермеген.
«Қазақстанның 12 облысында 5000-нан астам тренинг өткіздік. Оған мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, психологтар мен әдіскерлер қатысты. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Өйткені мектеп директорлары шындықты ашып айтудан қорқады. Мектебінің жаман аты шықпасын деп проблеманы барынша жасырады. Бала қандай да бір оқыс жағдайға ұшыраса ата-анасын кінәлі етіп көрсетеміз. Біздің тернингтердің нәтиже бермеу себебі балаға қатысты оқиғаны барынша бүркемелеп, жабық ұстаймыз. Ал жүрегінде қорқыныш, үрей болған оқушы түбі суицид жасайды», — дейді Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова.
Аталған ұйымға 6 айда 42 өтініш түскен. Ұйым мүшелері бұл мәселеге бірінші кезекте мектеп құлақ түрсе дейді.
«2015 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы жылдар ішінде көзіміздің жеткені жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебі буллингке байланысты. Бұл проблема ашық айтыла бастағанда бізге халық жаппай хабарласа бастады. Әр баламен жұмыс істейміз, бірақ өтініш жасағандардың барлығын қамтып тастау әсте мүмкін емес. Сол себепті бізге құзырлы орындардың да көмегі керек. Мамыр айында буллингке қатысты заңға өзгеріс енгізілді. Мектеп бұл заң жобасын жүзеге асыруы керек. Бірақ, бұл мектеп қабырғаларында жүзеге аспай отыр. Сондықтан жоғарғы жақтан нақты тапсырма ретінде талап етілуі керек», — дейді.
«Just Support» қоры директорының міндетін атқарушы Светлана Богатырева. Ұйым өкілдерінің айтуынша, балалардың қоршаған ортадан зәбір көруі, қатарластарының әлімжеттігі, отбасындағы кикілжің — бұрыннын келе жатқан көрініс. Қоғамдық ұйымдар бірінші кезекте балалар буллингінің алдын алмай суицидті болдырмау мүмкін емес, дейді.