Ауылдағы орта мектептің ғимараты 800 оқушыға арналған. Алайда мұнда қазір 2000 оқушы оқиды. Сабақ үш ауысым жүйесімен беріліп жатыр.
«Балалар мектептен кеш қайтады. Апарып, әкеліп әбден әуре болдық. Үш ауысыммен оқыған оқушыда не білім болады?», — деді Айғаным ауылының тұрғыны Гүлшат Жиенбаева.
Ал білім бөлімі мамандарының айтуынша Айғаным ауылында мектеп салу үшін жер телімі бөлінген.
«Айғаным ауылында 600 балаға арналған мектеп салу жоспарда бар. Жер телімі бөлінген. Биыл жобалық сметалық құжаты дайындалды. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамада өткізіліп жатыр, сараптама қараша айында дайын болады», — деп жауап берді Талғар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева.
Үш ауысымда оқитын оқушының сабаққа келіп-кетуі де мұң. Ата-ана біткен баласын тасып әлек.
«Мен 2 балама таксиге 50 мың төлеймін. Қоғамдық көлікке оқушылар сыймайды. Нөмірі 222 автобус жүреді. Ол жерге жолаушылар да отырады, оқушылар да отырады. Мектепке қатынау өте қиын», — дейді Айғаным ауылының тұрғыны Қарлығаш Молдабаева.
Оқушылар автобус күтетін жерде аялдама жоқ, көше жарығы да қосылмаған. Ол аздай жаяу жүргінші белгісі жолдың бір шетіне ғана қойылған. Тұрғындардың айтуынша, жүргізушілер көліктерін жүйткітіп өтеді.
«Мына жол үстіне жасанды кедергі төсеуге болады ғой. Балаларымыз әр жаққа барып оқиды. Сабақ үшін Греске де барады. Ал Греске қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Қызым 15 жаста таксиге отырғызғанда қорқамыз», — дейді ауыл тұрғыны Мерей Салтакова.
Аталған проблемалардан мұғалімдер де қажыған.
«Негізгі мұғалімдер балаларға мектеп қабырғасында ғана жауап беру керек. Ал біз осы балалар автобусқа отыратын жерде кезекшілік атқарамыз. Біз де жұмыстан шаршап шығамыз. Біздің де бала-шаға, үйіміз бар. Ата-аналар бізге кеп ренжиді. Біздің не кінәміз бар. Одан да жауапты орындарға, әкімдікке барсын», — дейді Қызылту ауылының мұғалімдері.
«Қызылту ауылындағы мектепте балаларды тасымалдауға көлік бөлінген жоқ. Мектеп әкімшілігі тамыз айында тасымалдау ұйымдастыру бойынша өтініш берді. Қазан айында мәслихатта қаралып, қаржы бөлінеді деді. Бөлінген жағдайда конкурс арқылы автобус шығарамыз», — деп жауап берді Талғар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Құрманбаева.
Аталған мәселені Alataunews.kz. сайты назарда ұстайтын болады. Қызылту ауылында 6000 адам тұрады. Маңынан құрылған жаңа ауылдар Айғаным мен Айалтай ауылдарында 1000-нан астам адам қоныстанған. Үш ауылдың балалары 800 орынға арналған мектепте білім алуға мәжбүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram