«Вакцинаны ауру өршитін маусымы басталмас бұрын алған жөн. Өйткені вирусқа қарсы иммунитет қалыптасуы үшін екпеден кейін кем дегенде 2 апта өтуі қажет. Біздің ауруханада вакциналау науқаны 1 қазан күні басталды. Вакциналау 30 қазанға дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін 2260 адам вакцина алды. Екпе тегін әрі медициналық сақтандыруы жоқ тұрғындарға да салынады», — деді дәрігер.
Вакцина 18 бен 64 жас аралығындағы адамдардың шамамен 60 пайызын тұмау жұқтырудан қорғап қалады. Ауру өршісе өлімге әкелуі мүмкін.
Респираторлық ауру тудыратын вирус түрлері күзгі-қысқы маусымдарда, яғни, суық және құрғақ ауада тез таралады. Соның бірі – тұмау.
«Тұмау ЖРВИ тобына жатқанымен, оны суық тиюмен шатастырмау керек. Себебі, бұл аурудың түрі өкпе, жүрек, ми қабынуына әсер етеді. Тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Тұмау, әсіресе, егде адамдар, балалар мен жүкті әйелдер, диабет, жүрек ауруы немесе кез келген созылмалы ауруға шалдыққан науқастар үшін қауіпті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын 60 мыңға жуық адам (жасы 65-тен асқан) тұмаудан қайтыс болады», — деді Зүбәйра Сәрсенова.