«Осы нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу қажеттігі екі себепке байланысты. Бірінші — ҚР аумағында цифрлық майнингті реттеу қажеттілігі. Цифрлық майнингті заңдастыру және криптовалюта өндірушілердің қызметін одан әрі нақты реттеудің болмауы энергия шығыны саласының бақылаусыз дамуына әкелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, цифрлық майнинг саласындағы қызметтің басталғаны туралы хабарлау тәртібі ерікті болып саналады және Цифрлық даму министрінің бұйрығымен реттеледі. Бүгінгі таңда мемлекеттік органның тізіліміне майнингтік компаниялардың үштен бір бөлігі ғана өз еркімен тіркелген», – деді Е. Смышляева.
Адал майнерлерге берілетін үлестеменің нақты көлемі қанша болатыны әзірге белгісіз. Бүгінде заңды түрде мемлекеттік органдарда майнинг компанияларының үштен бірі ғана тіркелген.
Заңсыз жұмыс істейтіндердің электр қуатын жөн-жосықсыз пайдаланып жатқанын айтпағанның өзінде, шығын шаш етектен. Депутаттар энергетикалық квота енгізілсе, проблеманың оң шешімін табатынына сенімді.
Сондай-ақ мәжілісмендер криптовалюта өндіруге бақылауды қатаңдатып, ел аумағында криптовалюталық экожүйе құруға күш салмақ.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда цифрлық ақша айналымына тыйым салынған.





