Жиын барысында зауыттың ары қарайғы құрылысы мен даму жобасы талқыланды. Қытайлық компанияның директорлар кеңесінің Вице-төрағасы Лю Фань Юн кәсіпорынның жалпы бағыт-бағдарын таныстырды.
«Біздің компания — Қытайдағы ірі түсті металл компаниясының бірі. 1979 жылы іргесі құрылды. 2008 жылдан бастап әлемдік биржаға шықтық. «Jiangxi»-дің (Джианхи) құрамында түрлі қызметпен айналысатын (барлау, зерттеу, металлургия, өңдеу, терең өңдеу) 100-ден астам бағынышты компаниялар бар. Әлемдік деңгейде 176 орындамыз, ал Қытайдың өзінде 56-сапта келе жатырмыз. Джианхидің мақсаттарын атап өтсем: экологияны сақтау, қоғамға пайдалы болу, адам мен табиғат үндестігін қалыпта ұстау», — деді компания төрағасы.
Лю Фань Юннің мәліметінше, компанияның тағы бір мақсаты – әлемдегі жетекші кәсіпорынның бірі болу. Осы мақсатқа жету жолында Алматы облысындағы «Бұғыты» жобасының маңызы зор.
«Келесі жылы тамызда өндіріске көшуді де мақсат етіп отырмыз. Осыған байланысты Қытайдан жұмысшыларды әкелу мәселесі алға шықты. Сіздерден осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз», — деді өңір әкіміне өтініш жасаған төраға орынбасары.
Жиналысқа қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы бұл өтінішке бірден жауап берді.
«Шетелдік мамандардың Қазақстанға жұмысқа келуі туралы арнайы заң бар. Бұл заң шеңберінде мамандар түрлі санаттарға бөлінеді. Оның ішінде, І және ІІ санаттағы қызметкерлерге — директорлар, техниктер, ғалымдар секілді жауапты мамандар кіреді. Бұлар барлық жұмыс күшінің 30 пайызын құрауға рұқсат етілген. Ал қатардағы жұмысшылардың 10 пайызы ғана Қазақстанда жұмыс істеуіне болады. Сіздер атаған өтініш еліміздің «е-өтініш» бағдарламасы арқылы өз шешімін табады», — деді басқарма басшысы Айгүл Ахметова.