Оның айтуынша, Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы ArtSport бағдарламасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталды, 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар.
«Біреуінің материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды, қалғанына аудит, тиісті сараптамалар тағайындадық, бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды. Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек», — деді Нұрсұлтан Рақышев.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілері енгізілгенін атап өтті.
«Бұған дейін спорт секциялары мен үйірмелерде бұрын сотталған және түрлі қылмыс үшін жауапқа тартылған 10-нан астам жаттықтырушы сабақ бергені туралы айтқанбыз. 3 мыңнан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген, 5 мың сабақ өткізілмеген. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілген. Бірнеше млн доллар залал келтірілді. Тексеру әлі жалғасып жатыр», — дейді прокурор.
Бұған қоса, жүйенің жұмысына қатысты мәселелер де бар.
«Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және тағы басқа алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Жақында соңғы нәтижелері шығады», — деп атап өтті қала прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев.
Еске салсақ, бұған дейін Ерболат Досаев 1 қыркүйектен бастап ArtSport бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылатыны туралы айтқан болатын.
Кейін аталған бағдарлама бойынша бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды.