Алматы облысындағы Көкбек мен Көмірші ауылдарында 200-ден астам оқушысы тозығы жеткен ескі үйде білім алып жүр.
Райымбек ауданына қарасты Көмірші ауылында 150-ге жуық үй бар. Маусымда мұндағы жалғыз мектепке күрделі жөндеу басталып, жаңа оқу жылы қарсаңында бітпей қалған. Сондықтан қазір 120 оқушы 1960 жылы салынған екі ескі тұрғын үйде бөлініп оқуға мәжбүр.
«Мектеп қанша дегенмен нормативке, стандартқа сай болуы керек. Санитарлық және гигиена талаптарына сай болуы керек. Енді бұл жерде ол талаптың көбі орындалмайды. Құрылыс осы жылдың маусымында басталып, қыркүйекте бітуі керек болатын. Жауапты «Шах» деген құрылыс компаниясы», – деді Көмірші орта мектебінің директоры Бағила Ырғынбаева.
«Шах» құрылыс компаниясы Көкбел ауылындағы мектепке де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір бұл ауылда балалар 50 жыл бұрын салынған 6 бөлмелі үйде білім алып жатыр. Ғимарат кішкентай болғандықтан, 111 оқушы екі ауысыммен оқиды.
«Ешкімнен сұраған жоқ. Осы жерден үйді ашты да, мектеп жасады. Бұл – үй, мектеп емес. Осы үйге алып келеміз. Ит қауып ала ма дейсің. Мектептің аты мектеп қой. Онлайн дедік, болмады. Талай ата-ана қарсы болды, бәрібір осы мектепте оқытып жатырмын, үйдің ішіне», – дейді Көкбел ауылының тұрғыны Айдос Дүйсенбай.
Оқушылардан бөлек, ұстаздар да тар жердің тауқыметін тартқан. Мұнда барлығы 34 мұғалім жұмыс істейді. Сорақысы, балалармен қоса ұстаздардың бәрі бірдей бұл үйге сымайды екен. Тіпті нөсер жаңбыр жауса, мұғалімдердің бір бөлігі құлауға шақ қалған қораның астында тығылады екен.
«Бұл үй ғой. Талаптарға сәйкес келмейді. Амалсыз кірдік. Төтенше жағдайдан, Санитарлық-эпидемиологиялық станциядан, прокуратурадан рұқсат берілмейді. Бірақ бізге онлайн оқуға рұқсат бермегеннен кейін амалсыздан осы жерге кіруге мәжбүр болдық», – деп мәлімдеді Көксай орта мектебінің директоры Алма Байтүрекова.
Ауылдағы жалғыз мектеп 1988 жылы салынып, қолданысқа берілген екен. Алайда сол уақыттан бері бір жөндеу көрмей, биыл ғана қолға алынған. Бастапқыда мектептің кейбір жөндеу жұмысына құрылысшылардан бөлек, ауыл жігіттері де кіріскен. Жұмыстарын бітірсе де, әлі күнге дейін еңбекақысын алмаған.
«Төрт адам дәнекерші болдық. Есік, терезелерін жасадық. «Ақшаларың беріледі» деді. Бірақ берілген жоқ. Тек 100 мың теңге ғана алғытөлем берді. Негізі үш адамға 500 мыңнан бөлінеді. Бір жарым миллион төлеуі керек болатын», – дейді Көкбел ауылының тұрғыны Орынбасар Қасымбаев.
Жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына тұрғындардың көңілі толмай отыр. Соған қарамастан, құрылыс компаниясының өкілі екінші тоқсанға дейін мектепті толық бітіретінін айтып сендірді.
«Басында үш айда бітіру керек болған. Мынандай мектепті үш айда ешқандай фирма бітіре алмайды. Бұл – демонтаж, жаңа мектеп емес. Біз осыдан бір ай бұрын ескерттік, үш айда бітпейді деп. Сол үшін ауданға барып, білім бөлімімен қазанның отызына мерзім алдық», – деді құрылыс компаниясының өкілі Данияр Керекбаев.
Компания өкілі үш айда үлгеремегендіктен, мерзімді созғанын айтса, аудандағы атқамінерлер кешігудің себебі мемлекеттік бюджеттен қаржының толықтай бөлінбеуінен деді.
«Көкбел ауылына келетін болсақ, 280 миллион теңге берген. 280 миллионмен жұмысын жасады. Енді қазір осы айда қалған ақшасын беріп отыр. Өздеріңіз көргендей, ол жерде мердігер тастап кетіп қалған жоқ. Жұмыс жүріп жатыр. Олар уәдесін беріп отыр, оқу корпусын қыркүйектің аяғына дейін бітіріп береміз, әрі қарай балалар кіріп оқи береді», – деп мәлімдеді Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев.
Дегенмен Көкбел тұрғындары балаларын жөндеуі бітпеген мектепке кіргізуге үзілді-кесілді қарсы. Жұрт құрылыс ұзаққа созылса да, бастысы – сапалы жасалса дейді.