Армения Республикасының ұсынысымен өткен отырыс бейнебайланыс режимінде өтті.
Сонымен қатар саммитке Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков қатысты.
Мемлекеттер басшылары әзербайжан-армян мемлекеттік шекарасында болған оқиғаларға қатысты Армения Премьер-министрінің мәліметін тыңдады.
Қазақстан Президенті сессияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде қақтығысты тек саяси-дипломатиялық жолдармен шешу қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды тұрақтандыру үшін мүмкін болған барлық шараны қабылдауға, күштік құрылымдарды пайдаланудан бас тартуға, шұғыл түрде келіссөз жүргізуге шақырды.