Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тексеріс күшейтілді. Омбы-Майқапшағай жол құрылысы осы жазда аяқталу керек болған. Бірақ жоба тағы екі жылға созылды. Талай себеп айтылды.Құзырлы орган өкілдері мердігер компания өте қомақты қаражатты қалтасына салуы ықтимал екенін мәлімдеді.
«Қалбатау Майқапшағай автожол құрылысына қатысты 21 миллиард теңгені мақсатсыз пайдалану яғни талан-таражға түсу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Құжаттар толық жинақталған соң процессуалды шешім шығарылады», — деді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Республикалық маңызды жолдарда ғана емес, облыс ішіндегі жергілікті бағыттағы жол құрылысы да заңсыздыққа тұнып тұрғаны белгілі болды.
«2022 жылы жолдарға 814 тексеріске шықты, 60-тан аса бұзушылықтар анықталды. Жолдардан мың шақты сынама алынды. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр», — деді ШҚО Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері Айдос Қабылбаев.
Бұдан бөлек құжат бойынша жол салынған деп көрсетілген жерге барсаң шаң басқан, асфальт төселмеген жолды көріп таң қаласың дейді қоғам белсенділері. Ұлан ауданынның орталығы Қасым Қайсенов кентінде де мысал көп. Мұндағы Нұржау көшесінде құжат бойынша тротуар салыну керек болғанмен, ол атымен жоқ. Ал осы аудандағы Шымқора ауылына кіреберіс жолды сол маңда жол салып жатқандардың өзі талқанын шығарыпты. Алматы-Өскемен трассасын төсеп жатқандар, соңынан бәрін реттейміз деп уәде берген. Бірақ одан бері 4 жыл өткен. Осы учаскедегі жұмыс аяқталып, уәде бергендер енді кетуге қамданған.
«2,8 км өздері бұзған жолды олар кетер кезде дәл алдындағыдай қылып тіпті одан да жақсы қылып жөндеп береміз деген болатын, енді кетеді деп жатыр, жол сол қалпы қалды. Соған біз наразы боп кеп тұрмыз», — деді Егінсу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Мағауиянов.
Бұл мәселені жол сапасын бақылаушылар мен жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қолға алды.