«Туризмді дамыту жобасына сәйкес 2030 жылға қарай Алматы тау кластері аумағына келетін туристер санын 15 млн-ға дейін ұлғайту және оларға қызмет көрсететін 20 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде жүздеген гид, туризм нұсқаушылары, қонақ үй қызметкерлері сияқты білікті мамандарды тарту мәселесі туындайды», — дейді басқарма басшысы Жанар Алчимбаева.
Оның айтуынша, облыста білікті кадрлар тапшы. Шетелдік туристермен жұмыс жасайтын кез келген тур агенттіктер, турларды ұйымдастыратын жеке адамдар қолында халықаралық сертификаты бар гидтерді іздейді. Мысалы, Алматы облысында Іле Алатауы, Шарын, Көлсай секілді 3 үлкен ұлттық парк орналасқан. Бұл парктерде кәсіби гидсіз жүруге болмайтын бағыттар бар. Сондықтан туристер өз өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың болуын қалайды. Ал ондай гидтердің саны саусақпен санарлық.
«Туризм басқармасы жылына 10-15 гидтің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тегін оқытады. Оқуға келген 25-30 адамның жартысы емтиханнан өте алмағандықтан сертификат ала алмай жатады. Десе де, олар келесі жылы бақтарын тағы сынап көруіне болады», — деп атап өтті Жанар Алчимбаева.
Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, Алматы облысы құрамынан Жетісу облысы бөлінбей тұрғанда Текелі қаласындағы Орталық Азия Университетінде гидтерге шет тілін тегін үйрететін. Биыл ол мүмкіндік жоқ. Қазір Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің филиалын Алматы облысында немесе қаласында ашу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әкімдік университеттің ғимараты мен жатақханасын салып берсе Азиялық Даму Банкі ары қарай қолдау көрсетіп, қаржы құюға дайын. Алдағы уақытта өңірімізде жоғары білімді гидтер даярланатын болады.
«Гидтің жұмысы — фрилансерлік жұмыс. Жылда мемлекет гидтерді оқытып жатқанымен, облыс аумағында тек 30-ға жуық гид, экскурсовод тіркелген. Олардың басым бөлігі туроператорлық және туристік фирмаларда, ірі қонақ үйлер мен курорттық аймақтарда қызмет етеді», — деп мәлімдеді жауапты маман.
Жанар Алчимбаева бәсекеге қабілетті гидтердің еңбекақысы айына 450-500 мың теңгеге баратынын айтты.
Сонымен қатар басқарма басшысы туристік нысандары көп Алматы облысында оларға қысы-жазы жұмыс табылатынын жеткізді.