«Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл – Тұңғыш президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру», — делінген депутаттардың мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері мемлекет басшысының жолдауда айтқан ұсыныстарына қатысты өз ойын ортаға салуды жөн көргені аталып өткен.
«Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, «Екінші Республика» моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кететінімізді бекіте түседі», — дейді депутаттар.
Олардың пікірінше, қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, біздің елімізде керісінше президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді.
«Егер Президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылуда. Сондықтан қазіргі Президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды», — деп аталып өткен мәлімдемеде.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізбей, екі мерзімге сайланса да, биыл кезектен тыс сайлауда 7 жылға сайланса да, оның өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі президент мерзімінің ұзақтығы өзгеріссіз қалады.
«Біз бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет. Президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға мүмкіндік алады», — деп толықтырды топ мүшелері.
Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Қазақстан Республикасы президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдайды. Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санайды.
Жалпы, бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам. Конституцияға өзгеріс енгізілетін болса, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол елорданың атын қайта қайтаруға қатысты болады.