Науқас медициналық мекемеге ішінің төменгі бөлігіндегі ауырсыну мен тығыздалуға шағымданып келген. Белгілі болғандай, ол бұған дейін медициналық тексеруден өтпеген.
Компьютерлік томография нәтижесінде науқастың құрсақ қуысының басым бөлігін алып жатқан көлемді кистома анықталған.
Науқастың жасын, түзілістің көлемін және клиникалық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, операцияға бірнеше бейіндегі маман жұмылдырылған. Хирургиялық операцияны аурухананың гинекологтары мен хирургтары бірлесіп жүргізген.
«Бұл күрделі клиникалық жағдайлардың бірі болды. Кистома құрсақ қуысының басым бөлігін алып жатты. Оның көлемі өте үлкен болды: салмағы шамамен 5 келі, ал ішіндегі сұйықтық мөлшері 10 литрге жуықтады. Мұндай жағдайларда ауруды дер кезінде анықтау, дұрыс емдеу тактикасын таңдау және әртүрлі бейіндегі мамандардың үйлесімді жұмысы аса маңызды. Операцияны ауруханамыздың хирургтарымен бірлесіп жүргіздік», – деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігер-гинекологы Риза Керемқұлова.
Науқасқа медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілген.
Мамандар профилактикалық медициналық тексерулерден жүйелі түрде өтудің маңыздылығын атап өтті. Дәрігерлер іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну, қалыптан тыс тығыздалу сияқты белгілерді елемей жүре бермей, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.





