«JTI» – Қазақстанда 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жетекші компаниялардың бірі. Соңғы 10 жылда компания ел экономикасына шамамен 160 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Бүгінде кәсіпорында 800-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етеді.
Салтанатты рәсім аясында Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен компания басшылығы болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласын салды.
Іс-шарада алғашқы болып сөз сөйлеген өңір басшысы аталған жобаның облыс үшін маңыздылығына тоқталды.
«Алматы облысы – ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз аймақтың іскерлік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және инвесторлармен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Бұл бағытта ширек ғасырдан астам уақыт бойы сенімді серіктесіміз болып келе жатқан «JTI» компаниясының орны ерекше. Бүгін іргетасына уақыт капсуласы салынған жаңа қойма кешені өзара ынтымақтастығымыздың келесі маңызды кезеңіне айналады деп сенеміз», – деді Шыңғыс Әрінов.
Өз кезегінде «JTI» компаниясының аға вице-президенті Филип Ливингстон өңірдегі өндірістік кешенді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанда өндірілген өнімге деген сұраныс артып келеді. Бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан біз өнімдерімізді ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де экспорттаймыз. Өндірістік қуаттылықты арттыру үшін қосымша инвестиция салуға дайынбыз. Келесі жылдың өзінде шығарылатын өнімнің жартысына жуығын экспорттауды жоспарлап отырмыз», – деді Филип Ливингстон.
Жаңа кешенде экологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады. Осы мақсатта озық технологиялар мен заманауи логистикалық шешімдер қолданылмақ. Атап айтқанда, өндірістік нысан автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталады. Бұл қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, оңтайлы шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өндіріс қалдықтары қайта өңделіп, олардың едәуір бөлігі ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын болады. Ал электр энергиясы жаңартылатын энергия көздерінен қамтамасыз етіледі.
Жаңа кешен пайдалануға берілгеннен кейін Орталық Азия елдері мен Моңғолия нарықтарындағы өсіп келе жатқан сұранысты толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.





