ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, келесі жылы елімізде жалпы ұзындығы 63,3 шақырым болатын велосипед және жүгіру жолдары салынады. Оның 6,4 шақырымы Алматы облысына, 38,2 шақырымы Қостанай облысына, 18,7 шақырымы Астана қаласына тиесілі.
Сонымен қатар республика бойынша дене шынықтырумен айналысуға арналған 111 ашық спорт алаңы мен қоғамдық кеңістікті жабдықтау көзделген.
Бүгінде Қазақстанда 26 518 спорт нысаны бар. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6%-ды құрайды.
Биыл елімізде 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. 11 қарашадағы мәлімет бойынша 69 нысан ашылған, оның 51-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сондай-ақ 39 спорт нысаны жөнделіп, қайта жаңғыртылған. Жыл соңына дейін 410-нан астам футбол алаңын салу көзделген.
Министрліктің мәліметінше, спорт инфрақұрылымын дамыту және оның барлық азаматқа, соның ішінде жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жатады.





