Облыс әкімінің мәліметінше, жолды күрделі жөндеу жұмыстары 2027 жылға жоспарланған. Жоба аясында жолдың өткізу қабілетін арттырумен қатар, жарықтандыру жүйесін орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген.
«Алматы қаласының шекарасынан басталатын Құлжа тасжолының 12 шақырымдық бөлігінде кешенді абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Алатау тасжолының 2,7 шақырымын кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» автомагистралінің 8 шақырымын күрделі жөндеу алдағы жылға жоспарланған», – деді Шыңғыс Әрінов.
Әкімдік мәліметінше, биыл Талғар ауданында жол инфрақұрылымын жақсартуға 3,6 млрд теңге бөлініп, 77,5 шақырым автомобиль жолы жөнделген. Кездесу барысында тұрғындар Алатау тасжолындағы құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуына қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары мектеп оқушыларының қатынауына қиындық туғызып отыр.
Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін жұмыс күші көбейтілгенін айтты.
«Қысқа дейін білім ошағынан айналма жолға дейінгі аймақтағы жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ жол бойына саябақ салынып, арықтарды ретке келтіреміз. Жұмыс сапасы бақылауда», – деді өңір басшысы.





