Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға биылғы 2 қазанда болған. Белгісіз адамдар өңір тұрғынына газ қазандығына арналған қосалқы бөлшектерді сатуды және жеткізуді ұсынып, алдап соққан. Нәтижесінде ер адам олардың шотына 20 млн теңге аударған.
Прокуратураның үйлестіруімен Іле ауданының полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, бес күдіктіні анықтады.
«Іс бойынша негізгі екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рүстем Абылханұлы.
Аталған дерек бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осыған байланысты полиция тұрғындарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырады. Құқық қорғау органдары тауар сатып алмас бұрын сатушының сенімділігін тексеруге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және қауіпсіз төлем тәсілдерін пайдалануға кеңес береді.





