2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Құжат 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Жаңа Ата Заңды әзірлеуге мемлекеттік органдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қоғамдық талқылау барысында 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту түсті. Нәтижесінде 11 бөлім мен 96 баптан тұратын Конституция қабылданды.
Жаңа Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған. Сонымен қатар заң үстемдігі, ұлттық бірлік, еңбекқорлық, білім мен ғылымды дамыту, табиғатты қорғау негізгі басымдықтар ретінде бекітілді.
Конституциялық реформаның маңызды өзгерістерінің бірі – мемлекеттік басқару жүйесінің жаңаруы. Елімізде 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай қалыптастырылып, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылды. Жаңа басқару моделі парламенттік бақылауды күшейтуге және мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ата Заңда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері де күшейтілді. Атап айтқанда, ұсталған азаматқа оның құқықтары мен ұстау себептерін түсіндіру, адвокат көмегіне жүгіну, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу құқықтары бекітілді.
Сондай-ақ азаматтардың дербес деректерін қорғауға, зияткерлік меншік құқығын сақтауға және шығармашылық еркіндігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.
Жаңа Конституция – әділетті қоғам қалыптастырудың, азаматтардың құқықтарын қорғаудың және елдің тұрақты дамуының құқықтық негізі. Оның басты мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту.





