31 қазанда өткен салтанатты рәсімде Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов жаңа автокөліктердің кілтін құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдеріне тапсырды. Өңір басшысы өз сөзінде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заң мен тәртіп қағидатын мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі ретінде айқындады. Осы міндетті жүзеге асыруда құқық қорғау органдарының еңбегі ерекше. Сондықтан полиция қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға айрықша көңіл бөлініп келеді», – деді Шыңғыс Әрінов.
Алматы облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімінің мәліметінше, бүгінде өңірдің қоғамдық орындарына 11 400 бейнебақылау камерасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жүйе қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесін дамыту өңірдегі қылмыстың алдын алу шараларының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Алматы облысында полиция қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы қолдау алдағы жылы да жалғасады.
Атап айтқанда, 2027 жылы жергілікті бюджет есебінен учаскелік және патрульдік полиция қызметіне қосымша 150 штаттық бірлік бөлу жоспарланған. Бұл шешім қоғамдық тәртіпті қадағалауды күшейтуге, тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізетін полиция қызметкерлерінің санын арттыруға және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар облыс әкімі мемлекеттік қолдаумен бірге бөлінген қаражат пен материалдық ресурстарды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
«Бюджет қаражатының шектеулі екенін ескере отырып, сеніп тапсырылған мүлікке ұқыптылықпен қарау қажет. Жаңа қызметтік көліктерді тиімді пайдалану – әрбір қызметкердің жауапкершілігі. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз – қауіпсіз орта қалыптастыру, қылмыс деңгейін төмендету және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту», – деді өңір басшысы.
Табысталған 50 қызметтік автокөлік Қонаев және Алатау қалаларына, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне берілді. Жаңа көліктер тәртіп сақшыларының күнделікті қызметін жеңілдетіп, шақыртуларға жедел жетуіне және елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе аумағы кең, елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан аудандарда полицияның көлікпен қамтамасыз етілуі маңызды.
Осылайша, Алматы облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін күшейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Жаңа қызметтік көліктермен қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйесін дамыту және полиция қызметкерлерінің санын арттыру – өңірде заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.





