Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
«Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жекелеген жобалармен шектелмеуі тиіс. Елдің барлық аймағында әлеуметтік нысандар салу ісін жүйелі түрде жандандыру қажет.
«Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескерудің маңыздылығына тоқталды.
Осыған байланысты облыстардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген сұранысты жан-жақты зерттеп, талдау жұмыстарын жедел аяқтау қажеттігін айтты.
«Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда әр өңірдің ерекшелігі мен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып, құрылыс жұмыстарын кең көлемде жүргізу міндетін алға қойды.
Президенттің сөзінше, бұл бағыттағы шаралар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және еліміздің тұрақты дамуына ықпал етуі тиіс.





