Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
  • Русский язык
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Whatsapp
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
No Result
View All Result
Қазақстан жаңалықтары - Alataunews
No Result
View All Result
Басты бет Жаңалықтар

Алматы облысында 4,1 млрд теңгеге жаңа емхана ашылды

Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында Республика күніне орай екі бірдей әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын заманауи емхана мен жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін ветеринариялық зертхана ашылды, деп хабарлайды Alataunews.kz.

Қорлан Нұрланқызы
27.10.2026
Жаңалықтар

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Нарынқол ауылында ашылған жаңа емхананың жалпы аумағы 6 650 шаршы метрді құрайды. Медициналық нысанның құрылысына 4,1 млрд теңге жұмсалған. Жаңа емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда тұрғындар алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қатар, диагностикалық тексерулерден өтіп, бейінді мамандардың қабылдауына жазыла алады.

Жаңа емхананың басты ерекшелігі – шалғай аудан тұрғындарына бұрын қалаға барып алуға тура келген бірқатар медициналық қызметтің жергілікті жерде қолжетімді болуы. Медициналық мекемеде рентгенологиялық зерттеу, флюорография, маммография, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу және электрокардиография жүргізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын функционалдық тұрғыдан тексеруге арналған жабдықтар қарастырылған. Емханада жалпы практика дәрігерлері, терапевтер, педиатрлар, хирургтер, акушер-гинекологтер, офтальмологтер, оториноларингологтер, невропатологтер, эндокринологтер және басқа да бейінді мамандар қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар медициналық мекемеде 20 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Бұл тұрғындарға ауруханаға тәулік бойы жатпай-ақ, дәрігер бақылауымен қажетті ем қабылдауға мүмкіндік береді.

Мұнда созылмалы аурулары бар науқастарды диспансерлік бақылау, жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын қадағалау, профилактикалық тексерулер, скринингтік зерттеулер және вакцинациялау жұмыстары да жүргізіледі.

Жаңа емхананың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, аудан басшылығы, медицина қызметкерлері, ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір басшысы ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.

«Ұлт саулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Бұл орайда, әсіресе, шалғай мекендерді заманауи медицинамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Нәтижесінде ауруды ерте бастан анықтап, тиісті көмекті уақытында көрсетуге мүмкіндік бар. Осылайша, ауыл мен қала арасындағы медициналық көмек сапасының алшақтығы азайып, тұрғындардың өмір сүру жағдайы жақсара түспек», – деді облыс әкімі.

Жаңа медициналық нысанның пайдалануға берілуі аудан тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық болды. Нарынқол ауылының тұрғыны, зейнеткер Бекболат Бірбаев бұрын күрделі медициналық тексерулерден өту үшін қалаға баруға мәжбүр болғандарын айтады.

«Осы ауылда туып-өсіп, талай жыл қызмет етіп, зейнетке шықтық. Қазіргі кезде ауданымыз көз алдымызда қайта түлеп, дамып келеді. Сондықтан мұндай емхана бізге өте қажет. Бұрын техникалық құрал-жабдықтың жетіспеушілігінен емделуге көбіне қалаға баруға тура келетін. Енді алысқа сабылмай-ақ, ем-шараны өз ауылымызда қабылдай аламыз. Көптен күткен нысанның есігін айқара ашқанына қуаныштымыз», – деді ауыл ақсақалы.

Республика күніне орай Райымбек ауданында пайдалануға берілген екінші маңызды нысан – жаңа ветеринариялық зертхана. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мекеме жылына 680 мыңға дейін зерттеу жүргізуге қауқарлы.

Мал шаруашылығы ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көздерінің бірі саналатын Райымбек ауданы үшін мұндай зертхананың маңызы ерекше.

Жаңа нысан ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттырып, ауруларды ерте анықтауға және алдын алу шараларын уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ветеринариялық зертхананың ашылу рәсімінде Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов ауыл шаруашылығы дамыған өңір үшін ветеринариялық қауіпсіздіктің маңызы зор екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы дамыған өңіріміз үшін ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу және азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау айрықша маңызға ие. Барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мекеме осы бағыттағы жұмыстарды заманауи талаптарға сәйкес жүргізуге әлеуетті. Төрт түліктің саулығы ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, халықтың денсаулығына да тікелей әсер етеді», – деді өңір басшысы.

Зертханада жүргізілетін талдаулардың нәтижелері ветеринария мамандары мен уәкілетті органдарға жануарлар ауруларының таралу қаупін бағалауға және індетке қарсы қажетті шараларды жоспарлауға көмектеседі.

Сонымен қатар ветеринариялық бақылау жүйесінің нығаюы мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығының экономикалық тұрақтылығын сақтауға және халықаралық сауда байланыстарын дамытуға ықпал етеді.

Райымбек ауданында бір күнде екі маңызды нысанның ашылуы өңірдің әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Бір жағынан, жаңа емхана тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырса, екінші жағынан, ветеринариялық зертхана ауданның мал шаруашылығы саласындағы қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Тегтер: Алматы облысыБасты жаңалықтарҚазақстан

Соңғы жаңалықтар

Меншік құқығын қорғау

Акжаркын
27.10.2026

Зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі.

Акжаркын
27.10.2026

Қоғамдық қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі

Акжаркын
27.10.2026

Алматы облысында Кеген–Нарынқол тасжолының 74 шақырымы жаңартылды

Қорлан Нұрланқызы
27.10.2026

Алматы облысында ірі ет өңдеу зауыты іске қосылды

Қорлан Нұрланқызы
27.10.2026

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
ZERO.kz

© 2022-2024 www.alataunews.kz

  • Басты бет
  • Жаңалықтар
  • Әлем
  • Саясат
  • Қоғам
  • Мақала
  • Сұхбат
  • Русский язык

© 2022-2024 www.alataunews.kz