Бұл мәліметтер Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Тугба Алан Өзденфедакардың кездесуінде айтылды. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту, сондай-ақ білім беру мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Өңірде Түркиямен экономикалық әріптестік бірнеше бағытта дамып келеді. Қазіргі уақытта облыста түрік капиталының қатысуымен құрылған 147 кәсіпорын және екі тарап бірлесіп ашқан 31 кәсіпорын қызмет атқарады. Олардың өндірістік бағыттары да әртүрлі. Атап айтқанда, құрылыс материалдары, сүт және кондитерлік өнімдер, фармацевтикалық тауарлар, пластмасса бұйымдары мен сусындар өндірісі жолға қойылған. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов түрік инвесторларымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта өңірде түрік капиталының қатысуымен бірқатар табысты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында өнеркәсіптік өнімдер өндіру және химия өнеркәсібі саласындағы жобалар бар. Біз түрік инвесторларымен бірлескен өндірістер құруға, озық технологиялар тартуға және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға мүдделіміз», – деді өңір басшысы.
Әкімдік жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетуге және туындаған мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында Түркияның Бас консулы Тугба Алан Өзденфедакар Қазақстанның түрік инвесторлары үшін маңызды экономикалық серіктес екенін атап өтті. Оның мәліметінше, елімізде 3800-ден астам түрік кәсіпорны тіркелген. Олардың жартысынан көбі Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан. Сонымен қатар түрік құрылыс компаниялары Қазақстан аумағында жалпы құны 30 миллиард доллар болатын 500-ден астам жобаны жүзеге асырған.
«Қазіргі таңда қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және авиация саласында да әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан логистикалық орталық. Сондықтан кәсіпкерлер мен инвесторлардың басын қосып, өңірге жаңа инвестиция тартып, әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз», – деді Бас консул.
Тараптар алдағы уақытта өнеркәсіп, логистика және экспортқа бағытталған өндіріс салаларында жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға қызығушылық танытты.
Екі ел арасындағы әріптестік экономикамен ғана шектелмейді. Білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстар да жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстандағы түрік этносы өкілдерінің төрттен бір бөлігі Алматы облысында тұрады. Өңірде 2005 жылдан бері «Ахыска» түрік этномәдени орталығы жұмыс істейді. Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында соңғы үш жылда облыстағы қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің 50 студенті Түркияға барып, өндірістік тәжірибеден өткен.
Бұдан бөлек, 25 өндірістік оқыту шебері тағылымдамадан өтіп, төрт педагог біліктілігін арттырған.
2026 жылы Түркияның «Anadolu Turizm Mesleki ve Teknik Anadolu Lisesi» оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына және кәсіби білім беру саласындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді. Кездесу соңында Алматы облысының әкімдігі мен Түркияның дипломатиялық өкілдігі сауда-экономикалық, инвестициялық және білім беру бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.





