Жаңа өндіріс орнын жергілікті кәсіпкер Мұрат Сіргебаев «Д.С.К.К» ЖШС-мен бірлесіп ашқан. Бұған дейін кәсіпкер қалада «МС» брендімен ретроавтокөліктер мен әскери техника салондарын, кафе, автокөлік жуу орталығын және техникалық қызмет көрсету нысанын іске қосқан. Енді ол өз кәсібінің аясын кеңейтіп, тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуды қолға алды.
Кәсіпорында бүгінде тәтті тоқаштың 10 түрін өндіретін бір технологиялық желі жұмыс істейді. Өндірістік қуаттылығы тәулігіне 300–400 келі, ал айына 9–10 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа өнімдер нарыққа «Mirlan» брендімен ұсынылуда. Қазірдің өзінде тәтті тоқаштар Қонаев қаласындағы сауда орындарына және өзге қалаларға жеткізіле бастаған.
«Өнім «Mirlan» атауымен алыс-жақын қалаларға, осы Қонаев қаласындағы дүкендерге жіберілуде. Қазірдің өзінде серіктес болуға әртүрлі компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Халықтың сұранысына қарай, өндірісті кеңейтеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді «Д.С.К.К» ЖШС директоры Серік Құржанбай.
Жоба авторлары алдағы уақытта нарықтағы сұранысты ескере отырып, өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Атап айтқанда, кәмпит, сусын және өзге де кондитерлік өнімдер шығаратын қосымша өндірістік желілерді іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда. Кәсіпкер Мұрат Сіргебаевтың айтуынша, жаңа өндірістің басты мақсаты – тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді бағамен отандық өнім ұсыну.
«Зауыт Республика күні қарсаңында іске қосылғанына қуаныштымыз. Аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызды алда келе жатқан айтулы мерекемен құттықтаймын!» – деді кәсіпкер.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қонаев қаласындағы өңдеу өнеркәсібінің дамуына қосылған кезекті үлес болды. Мұндай жобалар жергілікті өндіріс көлемін арттыруға, отандық өнімдердің нарықтағы үлесін кеңейтуге және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қонаев қаласында 18 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары қалада балық өңдеу зауыты, сондай-ақ құрама жем, күнбағыс майы мен ұн өндіруге маманданған ірі өндіріс орындары іске қосылған.





