Sauda.e-qazyna.kz электронды сауда порталында жарияланған мәліметке сәйкес, сатылымға шығарылған нысан Қонаев қаласындағы Индустриальная көшесі, 11 мекенжайында орналасқан. 2014 жылы салынған бес қабатты ғимараттың жалпы ауданы 5 122,5 шаршы метрді құрайды. Кешен аумағында казино, қонақүй және мейрамхана жұмыс істеуге арналған орындар қарастырылған.
Аукционға қойылған мүліктің құрамына ғимараттан бөлек екі жер телімі енгізілген. Оның біріншісі кешенге іргелес орналасқан, ауданы – 0,2257 гектар. Екінші жер телімінің көлемі 0,27 гектарды құрайды. Ол Индустриальная көшесі, 15/5 мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар сатып алушыға трансформаторлық қосалқы станцияның жабдықтары да ұсынылады.
Электронды сауда порталындағы ақпаратқа сәйкес, нысанның бастапқы бағасы 1 762 362 331 теңге болып белгіленген. Ал аукционға қатысу үшін 264 354 350 теңге мөлшерінде кепілдік жарна енгізу қажет.
Ірі коммерциялық нысанды сатылымға «Эксимбанк Қазақстан» АҚ шығарған. «BaGa Consulting» ЖШС 2026 жылғы 3 шілдеде дайындаған бағалау есебіне сәйкес, саудаға қойылған мүліктің нарықтық құны шамамен 1,76 миллиард теңгеге бағаланған. Аукцион 2026 жылғы 21 қазан күні сағат 10:45-ке белгіленген. Сауда бағаны көтеру тәсілімен өткізіледі. Яғни қатысушылар бастапқы бағадан жоғары ұсыныстар енгізу арқылы нысанды сатып алу құқығына таласады.
Аукционның нәтижесі мен кешеннің жаңа иесі туралы ақпарат бастапқы хабарламада көрсетілмеген.





