Заманауи технологиялар полицейлерге жол қозғалысын әуеден бақылауға, құқық бұзушылықтарды тіркеуге және жедел іс-шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Дрондар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, есірткі қылмыстарына қарсы күресте де пайдаланылып келеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы күдікті аумақтар бақыланып, заңсыз әрекеттердің белгілері анықталады және тергеуге қажетті мәліметтер жиналады.
Мәселен, 18 қыркүйекте «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Еңбекшіқазақ ауданында арнайы операция жүргізді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Қайрат ауылындағы жүгері алқабында есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтады және тасымалдады деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды.
Оқиға орнынан қарасораға ұқсас 195 түп өсімдік табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Полиция мәліметінше, дрондарды пайдалану құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Олар оқиға орнын жан-жақты зерттеуге, қосымша дәлелдер жинауға және тергеу барысында маңызды мән-жайларды нақтылауға көмектеседі. Қазіргі уақытта Алматы облысында полиция қызметіне заманауи техникалық құралдарды енгізу жұмыстары жалғасуда.





