Өңірде су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту және балық қорын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына 600 мыңнан астам шабақ жіберілген. Ал қазан айының соңына дейін бұл көрсеткішті 4 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
Экологиялық акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, балық шаруашылығы саласының мамандары, жастар мен еріктілер қатысты. Шараға арнайы келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы табиғи ресурстарды сақтау мен су экожүйесін қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Таза Қазақстан» – бұл тек тазалық шарасы емес, табиғи байлығымызды сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жалпыұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтау және балық санын молайту. Осы міндеттерді іске асыру шеңберінде Алматы облысының әкімі Шыңғыс Сайранұлының тапсырмасына сәйкес өңірдегі су айдындарына балық жіберу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі өзенді балыққа толтыру экологиялық акциясы – аталған тапсырманы іске асыру аясындағы кезекті іс-шара», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зерттеу нәтижелері де су айдындарын жүйелі түрде балықтандыру жұмыстарының маңызын көрсетеді.
Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасы өңірдің балық шаруашылығы үшін маңызды су айдындары саналады. Сондықтан олардың биологиялық ресурстарын сақтау, балық санын көбейту және табиғи ортасын қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Іле өзенін балықтандыру шарасы жағалауды қоқыстан тазарту жұмыстарымен қатар ұйымдастырылды. Сенбілікке «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері де белсене атсалысты.
Акцияға қатысқан Диляра Қабдолинаның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатты қорғауға деген көзқарасын қалыптастырады.
«Бүгін «Жасыл ел» жасақшылары өзенге шабақ жіберу шарасына алғаш рет қатысып, мұның қоршаған орта үшін қаншалықты маңызды екенін сезінді. Сонымен қатар өзен аумағында өткізілген сенбілікте жұмыла жұмыс істеді. Өңірде қыркүйек-қазан айларындағы мұндай акцияларға 1000-ға жуық жас жұмылдырылды», – деді ол.
Оның сөзінше, жастар тек сенбіліктермен шектелмей, облыс аумағындағы өзге де экологиялық және қоғамдық бастамаларға қатысып келеді. Атап айтқанда, «Киелі мекен» акциясы аясында тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандардың айналасын абаттандырса, «Таза өзен» және «Таза көл» жобалары шеңберінде су айдындарының жағалауларын тазартуға үлес қосуда.
Алматы облысында балық қорын молайту жұмыстары экологиялық бастамалардың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Жоспарланған 4 миллион шабақты су айдындарына жіберу өңірдің табиғи ресурстарын қалпына келтіруге бағытталған шаралардың ауқымын кеңейтпек.
Мамандар мұндай жұмыстардың нәтижелі болуы үшін балықтандырумен қатар су айдындарының тазалығын сақтау, заңсыз қоқыс төгудің алдын алу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру маңызды екенін атап өтеді.
Іле өзенінің жағасында өткен акция осы міндеттердің екеуін бір арнаға тоғыстырды. Бір жағынан, өзеннің балық қорын толықтыруға көңіл бөлінсе, екінші жағынан, еріктілер мен тұрғындар жағалауды тазартуға атсалысты.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық шаралар Алматы облысында алдағы уақытта да жалғасады. Басты мақсат – өңірдің табиғи байлығын сақтап, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.





