Экологиялық акция облыстың бірнеше ауданында және қалаларында өтті. Әсіресе Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Алатау және Қонаев қалаларының тұрғындары белсенділік танытты.
Жалпы, жыл басынан бері Алматы облысында 34 экологиялық акция ұйымдастырылған. Оған 825 мыңнан астам адам қатысып, 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өңір аумағына 104 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.
Іле өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды
Жалпыоблыстық сенбілік аясындағы маңызды шаралардың бірі Іле өзенінің жағасында ұйымдастырылды. «Іледегі үлкен сенбілік» деп аталған акцияға экологиялық ұйымдар, еріктілер, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өзен жағалауын тазартуға Алматы қаласынан екі автобуспен еріктілер келсе, Қонаев қаласынан тағы бір автобус қатысушы қосылды. Олардың қатарында жастар, аға буын өкілдері, Lider.kz ұйымының еріктілері және өзге де қоғамдық бірлестіктердің мүшелері болды.
Бұл жолғы сенбіліктің ерекшелігі – жиналған қоқысты тек полигонға жөнелтумен шектелмей, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бірден сұрыптау.
Акция басталар алдында қатысушыларға қалдықтарды жинау және сұрыптау тәртібі түсіндірілді. Еріктілер үш қап жүйесі бойынша жұмыс істеді. Пластик бөтелкелер мен алюминий банкалар қара түсті қаптарға, шыны қалдықтары ақ түсті қаптарға, ал өзге тұрмыстық қалдықтар бөлек жиналды.
EcoJurek экологиялық қауымдастығының жетекшісі Марина Яцунның айтуынша, мұндай тәсіл қоршаған ортаға келетін зиянды азайтып қана қоймай, қалдықтарды қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
«Біз қоқысты бір жерден екінші жерге көшірумен ғана шектелетін тәсілден әлдеқашан бас тарттық. Мұндай әрекет мәселені шешпейді, тек оның орнын ауыстырады. Пластик, алюминий және шыны қалдықтарын сол жерде сұрыптау арқылы оларға екінші өмір сыйлап, табиғатқа нақты пайда келтіреміз», – деді Марина Яцун.
Акция барысында жиналған қайта өңдеуге жарамды қалдықтар серіктес кәсіпорындарға жіберіледі.
Тазалыққа тұрғындар өз еркімен атсалысты
Сенбілікке қатысқан азаматтардың арасында экологиялық мәселелерді әлеуметтік желілер арқылы көтеріп жүрген белсенділер де болды.
Алматы облысындағы халықтық бақылау белсендісі Серік Архат тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруда әлеуметтік желілердің маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен қандай да бір ресми ұйымның өкілі емеспін. Әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы адамдарды біріктіріп, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосуға тырысамын», – деді ол.
Тазалық жұмыстары аяқталғаннан кейін еріктілер қоқыс салынған қаптарды арнайы техника алып кетуге ыңғайлы етіп, жол жиегіне жинады. Қалдықтардың желмен ұшып кетпеуі үшін қаптардың аузы мұқият байланып, қауіпсіздік талаптары сақталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялардың мақсаты тек белгілі бір аумақты қоқыстан тазарту емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын дамыту.
Іле өзенінің жағасында өткен сенбілік қоғамның әртүрлі өкілдерін ортақ мақсатқа біріктірді. Еріктілердің бастамасы қоршаған ортаны қорғауға мемлекеттік мекемелермен қатар, қарапайым тұрғындардың да нақты үлес қоса алатынын көрсетті.
Алматы облысында жыл басынан бері 825 мыңнан астам адамның экологиялық акцияларға қатысуы табиғатты қорғау бастамаларының өңірде кең қолдау тауып келе жатқанын аңғартады. Ал Іле жағалауындағы сенбілік тазалықты сақтау бір реттік шара емес, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігі болуы керектігін тағы бір мәрте еске салды.





