Жаңа кәсіпорынның ерекшелігі – балық өсіруге арналған торлы қоршаулар мен олардың бөлшектерін шығаратын Қазақстандағы алғашқы өндіріс орындарының бірі болуы. Қазірдің өзінде кәсіпорын жабдықтары Алматы облысымен қатар, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы балық шаруашылықтарына жеткізіліп жатыр.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жобаның өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.
«Бұл жоба – өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде кәсіпорын өнімдері еліміздің бірнеше өңіріндегі балық шаруашылықтарында пайдаланылып жатыр. Бұл отандық жабдықтарға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін кеңейтіп, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Үш айда 200 грамдық шабақ 3 келіге дейін өседі
Шаруашылықта балық өсірудің заманауи тәсілі қолданылады. Балықтар көлдің ортасына орнатылған арнайы торлы қоршауларда өсіріледі.
Кәсіпорын басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, суға бастапқы салмағы 200 грамм болатын шабақтар жіберіледі. Үш ай ішінде олардың салмағы 2,5–3 келіге дейін жетеді. Балықтарды өсіру барысында экологиялық таза жем пайдаланылады.
Қазіргі уақытта шаруашылық 12 торлы қоршаудың көмегімен 100 тоннадан астам балық өндіріп үлгерген. Ал келесі жылы қоршаулар санын 30-ға жеткізіп, жылдық өндіріс көлемін 400 тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Кәсіпорында бүгінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мамандар балықтардың өсуін, қоректенуін және жалпы жағдайын күнделікті бақылап отырады.
Жаңа өндіріс ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды
Кәсіпорын балық өсіруге арналған қоршауларды өз күшімен дайындайды. Әзірге торлар шетелден жеткізіледі. Болашақта арнайы тор тоқитын цех ашу жоспарланған.
Бұл жоба жүзеге асса, өндіріс толықтырылып, жұмыс орындарының саны 45–50-ге дейін артады.
Жаңа кәсіпорынның ашылуын ауыл тұрғындары да қуанышпен қабылдаған. Мұхаметжан Түймебаев ауылының тұрғыны Әмзе Исаев бұл бастама елді мекендегі балық шаруашылығын қайта жандандыруға мүмкіндік беретінін айтады.
«Ауылымызда осындай жобаның жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Кезінде осы көлде балық шаруашылығы жақсы дамыған еді. Кейін түрлі қиындықтарға байланысты тоқырауға ұшырады. Енді сол кәсіптің қайта жанданғанына қуаныштымыз. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік», – деді ол.
Алматы облысында балық өндірісі 20 мың тоннаға жеткізілмек
Алматы облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отыр. Биыл саланы қолдау үшін 1 млрд теңге субсидия бөлінген.
Қазіргі уақытта өңірде 53 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Өткен жылы облыста 5,8 мың тонна балық өндірілген.
Биыл бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға қарай өңірдегі жылдық балық өндірісін 20 мың тоннаға дейін арттыру көзделген.
Жауапты мамандардың пікірінше, «Бақыт» секілді жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы балық өндірісін ұлғайтуға ғана емес, отандық жабдық шығару ісін дамытуға, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы нығайтуға мүмкіндік береді.





