Жол апаты басқа автокөліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Желіде тараған кадрлардан кроссовердің алдымен артқа қарай қозғалып келе жатқан көлікпен соқтығысқанын көруге болады.
Соққыдан кейін кроссовер тротуарға шығып кетіп, сол маңда жүрген жаяу жүргіншілер мен велосипед мінген адамдарды қағады. Одан әрі қозғалысын жалғастырған көлік кептелісте тұрған тағы бір автокөлікке соғылып барып тоқтаған.
Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында қажетті бастапқы процессуалдық іс-шаралар жүргізілді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 7 қазанда.
Қазіргі уақытта жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Әзірге жол апатынан зардап шеккендердің нақты саны мен олардың денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.





