Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сарбаздар салтанатты шерумен жүріп өтіп, әскери абыройдың, ерліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы саналатын Жауынгерлік туға құрмет көрсетті.
32363 әскери бөлімінің командирі, гвардия подполковнигі Рахымжан Серікбаев әскери қызметін аяқтаған сарбаздарға алғыс білдіріп, бір жыл ішінде олардың үлкен тәжірибе жинағанын атап өтті.
«Осы бір жыл ішінде сіздер шыңдалып, тәжірибе жинақтап, өз күштеріңізге деген сенімдеріңіз артты. Жақсы әскери мектептен өтіп, ұйымшылдықпен әрекет етуді және ең күрделі жағдайларда сабыр сақтауды үйрендіңіздер. Қызметтеріңіз бен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің дәстүріне адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, бақ-береке және ашық аспан тілеймін», – деді Рахымжан Серікбаев.
Салтанатты шара барысында әскери қызметте үздік көрсеткіштерге қол жеткізген сарбаздарға грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтары мерзімінен бұрын берілді. Сондай-ақ сарбаздардың ата-аналарына ұлдарын тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.
Түркістан облысынан әскер қатарына шақырылған гвардия кіші сержанты Сұлтанбек Рахатұлы үшін бір жылдық әскери қызмет өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік берген.
«Армия маған көп нәрсе берді. Осында командалық жұмысты үйреніп, нағыз достар таптым, өз күшіме деген сенімім артты. Қызмет барысында парашютпен төрт рет секірдім. Әр секіру мен үшін үлкен сынақ болды. Ол өзіме деген сенімімді арттырып, қиындыққа мойымай, алға ұмтылуды үйретті», – деді Сұлтанбек Рахатұлы.
Салтанатты рәсім қорытынды саптық маршпен аяқталды. Командирлер мен аға буын өкілдері әскери қызметін аяқтаған десантшыларға ақ жол тілеп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Бір жыл бойы әскери даярлықтан өтіп, қарқынды жаттығуларға қатысқан жас десантшылар енді азаматтық өмірге оралады. Әскерде жинаған тәжірибе мен қалыптасқан тәртіп олардың алдағы өмірінде жауапты шешім қабылдап, мақсаттарына жетуіне негіз болмақ.





