Чемпионат үш жас санаты бойынша ұйымдастырылған. Жарысқа 19 жастан асқан ерлер мен әйелдер, 17–19 жастағы жасөспірімдер, сондай-ақ 13–16 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар шықты.
Бір аптаға созылатын дода барысында спортшылар жылдамдық, төзімділік және техникалық шеберліктерін бірнеше жарыс форматында сынайды. Бағдарламаға уақытқа жарыс, тауға топтық жарыс, кросс-кантри шорт-трек және олимпиадалық кросс-кантри енгізілген.
Олимпиадалық даярлау орталығының маунтинбайктан спорт резервінің аға жаттықтырушысы Тыныс Ахановтың айтуынша, ел чемпионатының нәтижелері жас спортшылардың алдағы мансабына да әсер етеді.
«Республикалық жарыстардағы нәтижелер спорттық резерв пен ұлттық құрамаға үміткерлерді жасақтау кезінде ескеріледі. Сондықтан Қонаевтағы чемпионат – тек медаль үшін күрес емес, қазақстандық маунтинбайктың болашақ резервін қалыптастыратын маңызды алаңдардың бірі», – деді ол.
Мамандардың сөзінше, Қонаев пен оның маңындағы табиғи жер бедері маунтинбайк жарыстарын өткізуге қолайлы. Трассаларда ұзақ өрлер, тік құлдилайтын бөліктер және спортшылардың техникалық дайындығын сынайтын күрделі учаскелер бар.
Андрей Кивилев атындағы велоспорттан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Сергей Третьяков Қонаевта мұндай республикалық жарыстар бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Чемпионатқа Алматы облысының спортшылары да қатысып жатыр. Солардың бірі – Карина Китайгора. Ол бұған дейін маунтинбайктан Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет жоғары нәтиже көрсеткен.
Көпкүндік жарыстың жеке және командалық есептегі жеңімпаздары 9 қазанда анықталады.





