Қазіргі таңда Қонаевта жалпы аумағы 103 мың шаршы метр болатын 19 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар мыңдаған пәтерді қамтып, қала тұрғындарын заманауи әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үй кешендерінің қатарында «NNS City», «Comfort», «Аристократ», «Абай», «Самұрық», «Атамекен», «Өркен», «Qonaev Breeze», «Jagalau», «Бригантина», «Qonaev Residence», «AY-CITY», «Спутник», «Мегаполис» және басқа да жобалар бар.
Қаладағы тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар, биыл пайдалануға берілетін баспана көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
– Биыл 62 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан бері 27 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шеңгелді ауылында жеке тұрғын үйлер бой көтеріп, құрылыс қарқыны артты, – деді Қонаев қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мирхан Бердіғалиев.
Қаланың әкімшілік инфрақұрылымы да қатар жаңғыртылуда. Кешенді даму жоспары аясында қазіргі уақытта алты әкімшілік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Департаменттер үйі, Полиция департаменті, облыстық сот және өзге де мемлекеттік мекемелерге арналған ғимараттар бар.
Сонымен қатар, қалада спорттық инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде. Жақында аумағы 1 гектар болатын денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталды. Нысан жеке инвестиция есебінен салынуда.
Жаңа спорт орталығында тұрғындарға пауэрлифтинг, бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріледі.
Осылайша, Қонаевта тұрғын үй құрылысы ғана емес, әкімшілік, әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізіліп, қаланың заманауи әрі жайлы орталық ретінде қалыптасуына жол ашып отыр.





