Пәтерлер бір емес бірнеше адамға саудаланған. Алматылық Шолпан Сәрсенбаева 56 миллион теңге төлеп, бұл кешеннен екі пәтер сатып алған. Бірақ уақыт өте келе құрылысқа жауаптылардың шикіліктері шыға бастаған.
«Бізде үлескерлердің бірнеше түрі бар. Біреуі заңды түрде қаражат беріп, барлық тиісті құжаттарға ие болса, енді біреуі мүлдем ақша төлемеген, бірақ иесі болып табылады. Себебі, бұрынғы құрылыс салушы пәтерлерді қосарлап сатып, заңға қайшы әрекет еткен. Мен бұл үйлерді алу үшін көп уақыт еңбектендім, енді өзіме тиесілі баспанаға қол жеткізу арманыма айналды», – дейді үлескер Шолпан Сәрсенбаева.
Меруерт Бердалиева да 2008 жылы пәтер аламын деп 50 миллион теңге құйған. Енді не пәтер, не қаражатын ала алмай жүр. Жылда келесі жылы көктемде, келесі жылы күзде аласыңдар дейтін көрінеді.
Ал жеңіл жолмен пәтерлі болғандардың нақты саны әзір белгісіз. Мұнымен полиция айналысып жатыр.
«ҚК-тің 190 бабы, 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істі тергеу аясында тиісті құзырлы органдарға сауалхаттар жіберілді және басқа да жедел тергеу іс-әрекеттері жүргізілу үстінде», – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
10 жылдан бері тоқтап тұрған құрылыс жұмыстарын 2018 жылы жаңа мердігер жалғастыра бастаған. Олар биыл желтоқсанда тұрғын үйді қолданысқа береміз деген. Құрылысқа жауапты компания басшысы, кімнің пәтерлі болатыны тергеу нәтижелеріне сай жүзеге асатынын жеткізді. Олар бұрынғы құрылыс салушымен ешқандай құқықтық қатынасы жоқтығын айтып отыр.





