«Біз екі адамның өміріне жауаптымыз», – дейді ол. Бір ауыз сөздің өзінде акушерлік мамандықтың салмағы да, оның өз кәсібіне деген көзқарасы да жатыр.
Әкеден қалған бір ауыз сөз
Замира Серікқызы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Төрт қыздың кенжесі. Мектепте қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, түрлі байқауларға қатысып, волейбол ойнап, би билеген. Мектеп кештерін жүргізіп, өзін-өзі басқару ұйымында қатарластарын ұйымдастыруға атсалысқан.
Отбасында медицина саласын таңдаған жалғыз адам – Замира. Дегенмен болашақ мамандығына деген көзқарасының қалыптасуына әкесінің ықпалы зор болды. Өмір бойы ветеринар болып еңбек еткен әкесі кәсібіне ерекше берілген жан еді.
«Адалдық – лайықты адамдарға ғана тән қасиет», – деп жиі айтатын ол.
Кейін бұл сөз Замираның да өмірлік ұстанымына айналды. Әкесінен ол ең алдымен мамандыққа құрметпен қарауды, таңдаған ісіңе толық берілу керектігін үйренді.
Мектептен кейін Семейдегі Д. Қалматаев атындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдады. Үздік үлгерімі үшін оқу жылдары бойы жоғары шәкіртақы алды.
Ал нағыз кәсіби мектеп диплом алғаннан кейін басталды.
Алғашқы сәби, алғашқы жауапкершілік
Жас маман еңбек жолын III деңгейлі Ана мен бала перинаталдық орталығында бастады. Осында тәжірибелі акушерлерден тәлім алып, теориялық білімнің адам өміріне жауап беретін нақты шешімдерге қалай айналатынын көрді.
Замира Серікқызы қанша жыл өтсе де, өзі алғаш қабылдаған босануды ұмытпаған.
Босанушының есімі Баян еді. Жасы – 21-де. Серіктеспен босануға келген жас әйел медицина мамандарының кеңесіне құлақ асып, қыз баланы аман-есен дүниеге әкеледі.
«Сол күні ерекше бақытты болдым. Өйткені жаңа өмірдің дүниеге келуіне алғаш рет өзім көмектестім», – деп еске алады акушер.
Содан бері оның кәсіби жолында жүздеген сәби дүниеге келді. Бірақ тәжірибенің артуы босануды күнделікті қалыпты жұмысқа айналдырған жоқ. Замира үшін әр әйел – бөлек тағдыр, әр сәби – жаңа өмір, әр босану – жаңа жауапкершілік.
«Сіз оларды ұмытуыңыз мүмкін, олар сізді ұмытпайды»
Заманауи акушерлік нақты медициналық хаттамалар мен технологияларға сүйенеді. Замира Жуандықова да физиологиялық босануды жүргізу, «алтын сағат» қағидаты, ана мен сәбидің «теріге-тері» жанасуы, нәрестені емшекке ерте салу және әйелдерді босануға психологиялық дайындау секілді қағидаларды жұмысында басшылыққа алады.
Алайда кәсібилік тек медициналық алгоритмдерді дұрыс орындаумен өлшенбейді деп есептейді. Босану үстіндегі әйел үшін акушердің бір ауыз жылы сөзі мен сабырлы қарым-қатынасының өзі маңызды.
Осы орайда медициналық мекеме директоры Айман Ғалымжанқызының бір кездері ұжымға айтқан сөзі оның есінде қалыпты.
«Сіздер 10 мың әйелді босандырып, олардың бәрін есте сақтамауларыңыз мүмкін. Бірақ сол 10 мың әйелдің әрқайсысы сіздерді ұмытпайды».
Бұл сөз Замираның кәсіби қағидаларының біріне айналған. Расында, медицина қызметкері жылдар өте белгілі бір босанудың күні мен уақытын ұмытуы мүмкін. Ал әйел сәбиін дүниеге әкелген сәтте жанында кім болғанын, кімнің демеу көрсетіп, жылы сөз айтқанын ұзақ уақыт есте сақтайды.
Қонаевтағы он жылдан астам еңбек
2013 жылы Замира Жуандықова Қонаев қаласына жұмысқа келді. Жаңа жұмыс орнындағы жағдай оған алғашқы күннен әсер еткен. Әсіресе бес жабдықталған босану палатасының болуы көңілінен шықты.
Содан бері оның кәсіби өмірі Қонаевтағы перзентханамен тығыз байланысты.
Мұнда кей күндері бір тәулікте онға дейін сәби өмірге келеді. Бір қарағанда бұл – статистика. Ал медицина қызметкерлері үшін әр санның артында ана мен баланың денсаулығы, тұтас бір отбасының тағдыры тұр.
Сондықтан перзентханадағы ең маңызды қағидалардың бірі – командалық жұмыс. Дәрігер мен акушер ғана емес, босанушы әйелдің өзі де осы команданың бір мүшесіне айналады.
Замира Серікқызы серіктеспен босанудың да маңызына ерекше тоқталады. Жанында өзі сенетін жақын адамының болуы әйелдің қорқынышын азайтып, психологиялық тұрғыдан демеу береді.
«Жақындарының әйелге қандай сүйіспеншілікпен қамқорлық көрсететінін көру – ерекше сезім», – дейді ол.
Сәби дүниеге келген соң ананы ұмытпау керек
Замира Жуандықова босануға дайындық перзентхана есігінен басталмауы керек деген пікірде. Болашақ ананың алдын ала ана мектебіне барып, босанудың кезеңдері мен ағзада болатын өзгерістер туралы ақпарат алғаны маңызды.
Алайда акушер үшін босанудан кейінгі кезеңнің де маңызы кем емес.
Сәби өмірге келгенде отбасының бар назары жаңа туған нәрестеге ауады. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ дәл осы кезде физикалық және эмоциялық үлкен өзгерісті бастан өткерген әйелдің өзі назардан тыс қалып қоюы мүмкін.
«Әйелге міндетті түрде қолдау қажет», – дейді акушер.
Жас анаға жеткілікті демалыс, дұрыс тамақтану, тыныш орта және жақындарының қамқорлығы қажет. Оның ойынша, сәбидің жағдайына қамқорлық ананың физикалық және психологиялық саулығына көңіл бөлуден басталады.
Үйде – үш баланың анасы, жұмыста – жаңа өмірді қарсы алатын акушер
Замира Серікқызының өзі де үш баланың анасы. Жұбайы – әскери қызметші. Екеуінің де кәсібі жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді.
Тәуліктік кезекшіліктер акушер мамандығының ажырамас бөлігі. Мұндайда отбасының қолдауы ерекше маңызды. Замира жолдасының оның кәсібіне түсіністікпен қарайтынын, өзі кезекшілікте болғанда балалардың қамқорлығын өз мойнына алатынын айтады.
Ол үшін бұл – отбасының бір-бірінің мамандығын құрметтеп, жауапкершілікті бөлісе білуінің көрінісі.
Әр босану – жаңа тарих
Көпжылдық еңбек тәжірибесінде Замира Жуандықова талай ананың қобалжуын, сәбидің алғашқы үнін, қуаныштан төгілген көз жасын көрді. Жүздеген жаңа өмірдің басталуына куә болды.
Бірақ тәжірибе көбейген сайын жауапкершілік сезімі азайған емес.
Өйткені перзентхана үшін кезекті жұмыс күні болғанымен, босанушы әйел үшін бұл – өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Акушер үшін кезекті сәби болуы мүмкін, ал отбасы үшін ол – көптен күткен жаңа өмір.
Сондықтан Замираның «Біз екі адамның өміріне жауаптымыз» деген сөзі кәсіби міндеттің аясынан әлдеқайда кең ұғымды білдіреді.
Оның түсінігіндегі акушерлік – сәбиді өмірге әкелуге көмектесу ғана емес. Бұл – әйел ең әлсіз әрі ең күшті күйді қатар сезінетін сәтте жанынан табылу, қорқынышын сенімге алмастыру, жаңа өмірдің алғашқы минуттарын қауіпсіз ету.
Замира Жуандықова үшін бұл – жай мамандық емес. Бұл – өмірге қызмет ету.





