Вакцинацияның маңызы, екпеден бас тартудың ықтимал салдары және қоғамда кең тараған жаңсақ пікірлер туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Саулет Капсаламова айтып берді.

Маманның сөзінше, қауіпті инфекциялардың ұзақ уақыт бойы жаппай таралмауы қоғамда олардың нақты салдары туралы түсініктің әлсіреуіне әкелген. Бұрын балалар арасында ауыр асқынулар мен өлім-жітімге себеп болған аурулардың сиреуі вакцинацияның қажеттілігіне күмән келтіретін пікірлердің пайда болуына ықпал етіп отыр. Дегенмен жұқпалы аурулардың қоздырғыштары толық жойылған жоқ.
Вакцина пайда болғанға дейін полиомиелит балалар үшін аса қауіпті инфекциялардың бірі саналды. Вирус жүйке жүйесін зақымдап, қайтымсыз сал ауруына, ал ауыр жағдайда тыныс алу бұлшықеттерінің салдануына әкелуі мүмкін.
Тарихта мұндай науқастардың тыныс алуын қамтамасыз ету үшін «темір өкпе» деп аталатын арнайы аппараттар қолданылған. Полиомиелитке қарсы вакцинация аурудың таралуын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Мамандар қызылшаны қарапайым балалар инфекциясы ретінде қабылдауға болмайтынын ескертеді. Жұқпалылығы жоғары бұл ауру бірқатар ауыр асқынуға әкелуі ықтимал.
Солардың бірі – жеделдеу склероздаушы панэнцефалит. Бұл қызылшамен ауырғаннан кейін бірнеше жылдан соң дамуы мүмкін жүйке жүйесінің ауыр ауруы. Ол адамның қозғалу және сөйлеу қабілетіне әсер етіп, денсаулық жағдайының біртіндеп нашарлауына әкеледі.
Қызылшаның алдын алудың негізгі жолдарының бірі – жоспарлы вакцинация.
Сіреспе қоздырғыштары қоршаған ортада, оның ішінде топырақта кездеседі. Олар ағзаға терінің зақымданған жері арқылы енуі мүмкін.
Инфекция бұлшықеттердің қатты құрысуын тудырады. Аурудың ауыр түрінде тыныс алу жүйесінің жұмысы бұзылып, адам өміріне қауіп төнуі ықтимал.
Сіреспемен ауырып шыққан адамның өзінде тұрақты табиғи иммунитет қалыптаспайды. Сондықтан мамандар жоспарлы вакцинация мен ревакцинацияның маңызын атап өтеді.
Балаларда қызамық көп жағдайда жеңіл өтуі мүмкін болғанымен, жүктілік кезінде жұқтырған жағдайда инфекция ұрыққа елеулі қауіп төндіреді.
Туа біткен қызамық синдромы баланың есту және көру қабілетінің бұзылуына, жүректің туа біткен ақауларына және басқа да денсаулық проблемаларына себеп болуы мүмкін. Осы тұрғыдан вакцинация тек екпе алған адамды ғана емес, айналасындағы осал топтарды да қорғауға көмектеседі.
Вакцинацияға қатысты кең тараған пікірлердің бірі – екпе аутизмге себеп болуы мүмкін деген тұжырым. Мұндай болжам 1998 жылы жарияланған зерттеуден кейін кең тарады. Кейін аталған жұмыс ғылыми талаптарға сай емес деп танылып, жарияланым кері қайтарылды.
Одан кейін жүргізілген ауқымды ғылыми зерттеулер вакциналар мен аутизм арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін растаған жоқ.
Сондай-ақ мамандар вакциналардың құрамындағы компоненттер белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес қолданылатынын және олардың мөлшері қатаң бақыланатынын атап өтеді.
Вакцинацияның маңызы жеке адамның қорғанысымен шектелмейді. Қоғамда медициналық көрсетілімдерге байланысты кейбір екпелерді ала алмайтын адамдар бар. Олардың қатарында вакцинация жасына жетпеген сәбилер мен иммундық жүйесі әлсіреген азаматтар болуы мүмкін.
Халықтың басым бөлігі вакцина алған жағдайда инфекцияның таралу мүмкіндігі төмендеп, екпе ала алмайтын адамдар да жанама түрде қорғалады. Ал вакцинация деңгейі төмендесе, жұқпалы аурулардың қайта өршу қаупі артады.
Мамандар екпе туралы шешім қабылдағанда әлеуметтік желілердегі расталмаған мәліметтерге емес, ғылыми дәлелдерге және медицина қызметкерлерінің ұсынымдарына сүйенуге кеңес береді.





