Сайлау заңнамасына сәйкес, учаскелердегі дауыстарды санау процесі басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауға тиіс. Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру мен дауыстарды есептеудің алдын ала нәтижелері туралы мәліметтерді электрондық байланыс арналары арқылы Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
ОСК мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша елімізде 9 352 151 сайлаушы бюллетень алған. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 74,19 пайызын құрайды.
Өңірлер арасында сайлаушылардың ең жоғары белсенділігі Түркістан облысында тіркелді – 92,16 пайыз. Одан кейін Жетісу облысы – 91,19 пайыз және Қызылорда облысы – 90,75 пайыз. Ақтөбе облысында көрсеткіш 88,30 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 87,50 пайызды, Жамбыл облысында 85,18 пайызды құрады.
Алматы облысында сайлаушылардың 71,17 пайызы дауыс беруге қатысты.
Сонымен қатар Ақмола облысында сайлаушылардың 82,69 пайызы, Абай облысында – 81,41 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында – 77,31 пайызы, Қостанай облысында – 76,47 пайызы, Қарағанды облысында – 76,28 пайызы дауыс берген.
Шымкент қаласында сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 75,42 пайыз болса, Батыс Қазақстан облысында – 73,38 пайыз, Маңғыстау облысында – 71,38 пайыз, Павлодар облысында – 71,20 пайыз, Атырау облысында – 70,74 пайыз, Ұлытау облысында – 70,72 пайыз болды.
Астана қаласында сайлаушылардың 51,67 пайызы дауыс берсе, Алматы қаласында 43,23 пайыздық көрсеткіш тіркелді.
Енді учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санауды жалғастырады. Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс берудің алдын ала нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының арнайы брифингінде жарияланады. Оның өтетін уақыты қосымша хабарланады.





