Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 439,9 мың гектар алқапқа егілді. Бүгінге дейін 27,7 мың гектардан 58,2 мың тонна бидай, 56,4 мың гектардан 118,4 мың тонна арпа жиналды. Сондай-ақ 1 мың гектардан 2,2 мың тонна сұлы және 1,3 мың гектардан 2,6 мың тонна басқа да дәнді дақылдар бастырылды. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 21 центнерді құрады.
Майлы дақылдар бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, 3,6 мың гектар алқаптан 7,2 мың тонна мақсары жиналып, оның орташа өнімділігі гектарына 20 центнерге жетті.
Көкөніс-бақша өнімдерін жинау қарқыны да жоғары. Бүгінде 1,5 мың гектардан 46,3 мың тонна картоп алынды. Картоптың орташа өнімділігі гектарына 300 центнерді құрады. Сонымен қатар 1,8 мың гектардан 63,3 мың тонна бақша дақылдары жиналып, өнімділік гектарына 350 центнерді көрсетті. 4,5 мың гектардан 147,6 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл бағыттағы орташа өнімділік гектарына 300 центнер болды.
Мал шаруашылығын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде 122,2 мың гектардан 488,8 мың тонна мал азықтық дақылдары жиналды. Бұдан бөлек, жалпы 2 млн 64,4 мың тонна мал азығы дайындалды.
Облыста қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 1 млн 453,7 мың тонна шөп дайындалып, жоспардың 76,9 пайызы орындалды. 265,4 мың тонна пішендеме дайындалып, көрсеткіш 86,9 пайызға жетті. Сондай-ақ 175,8 мың тонна сабан (65,9%), 116,4 мың тонна шырынды жем-шөп (35,7%) және 53,1 мың тонна сүрлем (11,8%) әзірленді.
Жалпы, егін жинау және мал азығын дайындау жұмыстары облыстың барлық өңірлерінде жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шаруашылықтарда биылғы өнімді жинау және қысқы жем-шөп қорын толықтыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.





