Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Табиғаттың тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Тазалық – тек көшелер мен саябақтарды жинау ғана емес. Ол – туған жерге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Ауладағы қоқысты уақытында шығару, ағаш отырғызу, су мен электр энергиясын үнемдеу, табиғат аясында демалғаннан кейін қалдықтарды жинау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаны сақтауға үлкен үлес қосады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің барлық өңірлерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылуда. Бұл шараларға жастар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер мен тұрғындар белсенді қатысып келеді. Мұндай игі істер халықтың экологиялық мәдениетін арттырып, ортақ іске жұмылуына ықпал етеді.
Табиғатты қорғау – келешек ұрпақ алдындағы міндетіміз. Бүгін қоршаған ортаны таза ұстасақ, ертеңгі ұрпаққа жасыл желекке бөленген, экологиялық жағдайы жақсы елді мұра етіп қалдырамыз. Сондықтан әрбір азамат туған жерінің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуы қажет.
Жасыл Қазақстан – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Таза қоршаған орта қалыптастыру жолында бірлесіп әрекет етсек, еліміздің экологиялық ахуалын жақсартып, келешек ұрпаққа көрікті де таза Қазақстанды табыстай аламыз.





