Сот материалдарына сәйкес, ер адам Қызылшекара ауылы маңындағы шекара қоршауының жанынан жабайы қарасора жинаған. Жолда оны әскери қызметшілер тоқтатып, тексеру барысында құрамында есірткі заты бар өсімдіктің 508 граммын тәркілеген.
Кейін айыпталушының тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде құқық қорғау органдары тағы 2350 грамм кептірілген марихуана тапқан. Іс материалдарына сәйкес, ол есірткіні жеке пайдалану мақсатында алдын ала дайындап қойған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, тағылған айыппен келіскен және жасаған ісіне өкініш білдірген.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталған ер адам сот залында бірден қамауға алынды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Сонымен қатар сот үкімімен сотталғаннан жүргізілген сараптамаларға байланысты процессуалдық шығындар және Жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.





