Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде ауыз су мәселесін шешу үшін жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын жаңа су құбыры тартылды. Жоба нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Мамандардың айтуынша, ауылдағы қолданыстағы су құбыры 1975 жылы салынған және бүгінгі күні оның 95 пайызы тозған. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын (оңтүстік бөлігі) сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал үй ішіне дейінгі қосылу жұмыстарын тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Бүгінде Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3 800-ден астам адам тұрады. Жаңа желі 800-ден астам абонентті таза ауыз сумен қамтамасыз етсе, қалған шамамен 3 мың үйге қызмет көрсетіп отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жауаптылар бұл мәселе бір ай ішінде толық шешілетінін мәлімдеді.
Облыс әкімі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
«Халыққа жобаның талаптарын жан-жақты түсіндіру қажет. Сонымен қатар ауыз су барлық абонентке бірдей жетуі тиіс. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Тұздыбастауда су құбыры қайта жаңғыртылады
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тұздыбастау ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобасының әзірлену барысымен де танысты.
Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманың 95 пайызы дайын. Оны толық аяқтау үшін қосымша 70 миллион теңге қажет.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 127 шақырым болатын су құбыры желісі жаңартылмақ.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының шамамен жартысы жергілікті ұңғымалар арқылы ауыз сумен қамтылып отыр. Ал қалған бөлігі ауыз суды «Алматы су» мекемесінен сатып алып пайдаланады. Сондықтан жаңа жоба іске асқан жағдайда ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.
Облыс әкіміне Тұздыбастау ауылындағы электрмен жабдықтау мәселесі де баяндалды.
Қазіргі уақытта ауылда 23 мыңнан астам тұрғын тұрады. Елді мекендегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 175,5 шақырымды құрайды. Алайда қолданыстағы трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз болғандықтан, тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданады.
Бұл мәселені шешу үшін ауылда екі жаңа трансформаторлық қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқаннан кейін қолданыстағы электр желілеріне түсетін жүктеме едәуір азайып, электрмен жабдықтау сапасы жақсармақ.
Сапар қорытындысында Марат Сұлтанғазиев жауапты басқармаларға жобалық-сметалық құжаттаманы қысқа мерзімде толық аяқтап, мемлекеттік сараптамаға өткізуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл бюджеттік қаржыландыруға уақытылы өтінім беруге мүмкіндік береді.
Өңір басшысы инженерлік инфрақұрылым жобаларының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды факторы екенін айтып, жауапты мекемелерге жұмысты ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді.





