2026 жылғы 15 шілдеде Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркінбек Даутқұлов Қарасай ауданына жұмыс сапарымен барып, «Жетісу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіндегі күздік дақылдардың жай-күйімен танысты.
Қазіргі таңда кооперативте егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алғашқы мәліметтерге сәйкес, күздік дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 30 центнерді құрап отыр. Бұл көрсеткіш егіннің жақсы шыққанын және шаруалардың еңбегі өз нәтижесін беріп жатқанын аңғартады.
Мамандардың айтуынша, биыл Алматы облысында күздік дақылдардан мол өнім алу күтіліп отыр. Қолайлы ауа райы жағдайы мен агротехникалық талаптардың сақталуы өңірдегі егін орағы науқанының жоғары көрсеткішпен аяқталуына негіз болып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасы күздік егінді уақытылы әрі ысырапсыз жинау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, науқанның белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жалғастыруда.





