ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуінше, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу құқығы келесі жеті партияға берілді:
- «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
- «Әділет» саяси партиясы;
- «Байтақ» қазақстандық «жасылдар» партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы;
- «Республика» партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
«»Ақ жол» ҚДП республикалық қоғамдық бірлестігін, «Ауыл» партиясын, «Әділет» саяси партиясын, «Байтақ» қазақстандық «жасылдар» партиясын, Қазақстан Халық партиясын, «Республика» партиясын және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауға қатыстыру туралы қаулы қабылдансын», – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы AMANAT партиясының Құрылтай сайлауына қатыспайтыны туралы ресми өтініш түскенін хабарлады.
ОСК төрағасының айтуынша, партия комиссияға сайлауға қатыспайтыны жөнінде ресми хат жолдаған.
«Құрметті әріптестер, ОСК-ға AMANAT партиясынан Құрылтай депутаттары сайлауына қатыспайтындықтары туралы ресми хат келіп түсті. Өтініш қабылданды», – деді Нұрлан Әбдіров.
Бұған дейін AMANAT партиясының «Әділет» партиясымен бірігетіні туралы жарияланған болатын.
Айта кетейік, биылғы 23 тамызда өтетін сайлау Қазақстандағы жаңа Конституцияға сәйкес құрылатын бір палаталы Құрылтайдың алғашқы депутаттық құрамын жасақтайды. Жаңа заң шығарушы орган екі палаталы Парламенттің орнына құрылып, елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болады. Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат енеді.





