Министр бұл туралы 18 маусым күні Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтты.
Ермек Көшербаевтың сөзінше, қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдері босқындар мен мигранттар санының артуына байланысты шекаралық бақылауды күшейтіп жатыр. Әсіресе Еуропада көші-қон процестеріне қатысты талаптар қатаңдай түскен.
«Шенген келісіміне мүше мемлекеттерде шекаралық бақылау күшейтіліп жатыр. Бұған босқындар санының көбеюі және заңсыз көші-қон тәуекелдерінің артуы себеп болып отыр. Сондықтан көптеген елдер көші-қон ағындарын бақылауды күшейтуге мәжбүр», – деді Сыртқы істер министрі.
Оның айтуынша, Қазақстан да көші-қон саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз көші-қонның алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
«Біз де заңсыз көші-қон көлемін азайтуға, тіпті мұндай фактілердің алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатырмыз», – деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Министр көші-қон үдерістерін бақылау және заңсыз миграциямен күрес халықаралық тәжірибеде қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі саналатынын айтады.
Соңғы жылдары әлемнің көптеген мемлекетінде көші-қон мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Сарапшылар босқындар ағынының көбеюі мен геосаяси жағдайдың өзгеруі шекаралық бақылау шараларының күшеюіне әсер етіп отырғанын атап өтеді.





